Мәскеуде жаңажылдық корпоративте коктейл ішкен ер адамның асқазаны жарылып кетті

4

0

Фото: Видеодан скриншот

Мәскеуде “Игра столов” атты аспаздық студияда өткен жаңажылдық корпоратив кезінде қонақтардың бірінің сұйық азот қосылған коктейл ішкеннен кейін асқазаны жарылып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Baza-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, бас аспаз қонақтар үшін крио-шоу дайындап, коктейлдерді әзірлеу барысында сұйық азот пайдаланған. Бұл зат ингредиенттерді лезде мұздату үшін қолданылады, ал сусынды азот толықтай буланып кеткеннен кейін ғана ішуге болады. Алайда студия қызметкері демалушыларды бұл туралы ескертпей, қонақтардың біріне қоспаны бірден ішуді ұсынған.

Іс-шарада түсірілген кадрларда ер адамның қалың қабырғалы колбадан түтіндеп тұрған сұйықтық құйылған қағаз стақанды қолына алғаны көрінеді. “Енді не істеу керек?” деген сұраққа кадр сыртындағы адам “іше бер” деп жауап береді.

“Сіздермен жұмыс істеу жағымды болды”, – дейді қонақ.

Ол стақандағыны ішіп алып, сол сәтте-ақ шашалып, ішін ұстай алмай қалады.

Осы сәтте зардап шеккен адамның асқазаны жарылып кеткен. БАҚ ақпаратына сүйенсек, ол жансақтау бөліміне жеткізіліп, зақымданған ағзаға ота жасалған. Қазір ер адам есін біледі, алайда жағдайының қаншалықты ауыр екені нақтыланбаған.