Мәслихат төрағаларымен кездесті

130

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының VIII шақырылымындағы облыстық мәслихат төрағаларымен кездесті. Оған «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашов, Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Алматы, Жетісу, Ақтөбе, Абай, Ұлытау, Түркістан, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстық, Шымкент және Астана қалалық мәслихат төрағалары арнайы қатысты.

Кездесуде аймақ басшысы жер­гі­лікті өкілді органмен бірлесіп ат­қа­рылған жұмыстарға тоқталып, ұл­­ты­мыздың «Қазақ» атауының қай­та­рылғанына, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толу мерейтойына арнайы келген делегация мүшелеріне алғыс білдірді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Ке­мелұлы барлық деңгейдегі мәс­ли­­хат депутаттарының екінші рес­пуб­ликалық форумында: «Жергі­лік­ті ат­қарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинауда. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жер­гілікті жердегі қос тірегі деуге болады, – деп атап көрсетті.

Конституциямызда айқындалған­дай, жергілікті мемлекеттік басқару­ды тиісті аумақтағы істің жай-кү­йі­не жауапты жергілікті өкілді жә­не ат­қа­рушы органдар жүргізеді. Тә­уел­сіз­дігіміздің алғашқы жылдарында об­­лыстық мәслихат экономиканы әрта­­раптандыру, оны жаңаша даму жолы­на түсіру, ел дамуының жаңа ба­ғыт­та­рын айқындауға белсен­ді ат­салысты. Ең бастысы, өз сайлау­шы­ларының ел болашағына деген сенімін арттырды.

Саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде жергілікті мәслихат қызметінің рөлі ерекше. Президентіміздің баста­масымен 2022 жылдан бері өткен бес ірі саяси науқанда жергілікті мәс­ли­хат депутаттары белсенді жұмыс жа­сағанын ерекше атап өтуіміз қа­жет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Басқосуда мәслихат төрағаларына Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл толуына орай шығарылған естелік сыйлықтар мен арнайы тартулар табысталды.

Облыстық мәслихатпен бірлесіп атқарған жүйелі жұмыстың арқасын­да Қызылорда облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көр­сеткіштері бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. Биыл облыс бюджеті 851,3 млрд тең­геге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға артты, оның 56 пайызы әлеуметтік са­лаға бағытталды. 2021 жылы даму бюджеті 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд тең­геге жетіп, 4,5 есе көбейді. Бұл қара­жат халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамы­туға, өзекті мәселелерді шешуге бағытталды. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілді.