Есімі Қазақстанға кеңінен танымал Өтемұратовтар әулеті – өресі биік, ұлағатты отбасы. Ата-бабалары Сыр бойының Арал мен Қазалы өңірлерінде өмір сүрген. Олар елді имандылыққа, ислам қағидаттарына сай өмір сүруге үндеп, осы өңірлерде мешіттер салып, діни медреселер ашып, бала оқытқан. Ел ішінде үлкен игілікті істерге мұрындық болған. Бір сөзбен айтқанда, сол замандағы елге сыйлы дін ғұламалары Марал ишан, Жәрімбет әулие, Ер Сейтпембет бабалармен замандас болған. Текті әулеттің ұрпағы Өтемұрат солардың тәлімін көрген.
Жәмит Өтемұратов Арал теңізінің толқынына тербетілген жағалауда дүние есігін ашқан. Саналы ғұмырын Отанға, құқық қорғау саласына арнады. Қазақстанның бірнеше облысында, атап айтқанда Арал, Қызылорда, Гурьев (Атырау), Көкшетау, Кентау қалаларында прокурор, ҚР Бас прокуратурасында бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Өз саласының майталмандары Өтеген Сейітов, Ғалым Елемесовпен иық тірестіре еңбек етті. КСРО Бас прокуроры Руденконың жеке қабылдауында болғаны – одақ көлеміндегі еңбегінің еленгенінің айғағы.
Жәмит ағаның жұбайы Дәріш Санәліқызы да текті жерден шыққан. Шалқарда дүниеге келіп, елге адал қызмет етті. Сауда саласында басшылық қызмет атқарды. Дәріш апа бір қолымен еңбек етіп, бір қолымен бесік тербетіп, алтындай ұл-қыздарын тәрбиеледі. Отбасында жеті перзент дүниеге келді: екі ұл, бес қыз. Олар әкелерінің қызметіне байланысты әртүрлі облыстарда өмірге келген. Ұлдарының үлкені Мәжит, кенжесі Болат, Жұпаркүл, Баршагүл, Зибагүл сынды қыздары да – елге еселі еңбек еткен азаматтар.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін азаматтарымыз рухани құндылықтарға бет бұрды. Өтемұратовтар әулеті, атап айтқанда Дәріш апа мен Мәжит Жәмитұлы Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің салынуына үлкен үлес қосты. Дәріш апаның облыс орталығына үлкен мешіт салу туралы ұсынысын халық қолдап, сол кездегі Президенттің келісімімен бастама жүзеге асты.
Мен сол кезде Түркиядағы дипломатиялық қызметімді аяқтап, Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құл-Мұхамедтің шақыруымен кеңесшілік қызметке келдім. 2007 жылы мешіттің алғашқы кірпіші қаланды. Құрылыс жұмыстарының ұйымдастырушысы Болат Жәмитұлы еді.
Келесі жылы мешіттің еңселі ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу салтанатында лентаны Дәріш Санәліқызы, облыс әкімі Болатбек Баянұлы, Ыдырыс Қалиев, Шайхислам Серікбаев, Сейілбек Шаухаманов сынды елге белгілі ақсақалдар кесті. Мен де сол ұлы іске қатысқанымды мақтан тұтамын.
Бір айдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қызылордаға арнайы келіп, мешітке зиярат жасады. Қазақстанның сол кездегі бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі екеуі Дәріш апаға арнайы келіп, қолын алып, мешіт үшін алғыс білдірді. Қасиетті Құран кітабын сыйға тартты. Ақсақалдар атынан Ыдырыс Қалиев пен Шайхислам Серікбаев батасын берді.
Бүгінде «Ақмешіт-Сырдария» мешіті – халқымызды ислам қағидаттарына сай имандылыққа, ауызбіршілікке, бейбіт өмірге шақырып отырған рухани орда. Әр ісімізді Алла қолдағай!
Ұлы Жеңістің қуанышынан соң, мәуелі бәйтерекке айналған Өтемұратовтар әулетінде Жәмит ағаның шаңырағында 1946 жылы нәресте дүниеге келді. Жәмиттің анасы Мәриям әже бастаған үлкендер немересіне Мәжит деп ат қойды. Мәжит Жәмитұлы Қызылорда қаласында мектеп бітіріп, Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдады. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, облыстық білім басқармасының басшылығына дейін көтерілді.
Сыр өңірінде Уәли Төрәлиев пен Әли Мүсілімовтің салиқалы жолын жалғастырып, өңір мектептерінің сапасын арттыруға, техникалық базасын нығайтуға зор үлес қосты. Аралдан Жаңақорғанға дейінгі мектептерде өз қолтаңбасын қалдырды.
2007 жылы облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхамедтің бұйрығымен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің директоры болды. Сол кезде мен Мәжит Жәмитұлымен бірге көптеген маңызды шараға атсалыстым. Бүгінде бұл колледждің материалдық-техникалық базасы нығайып, ауласы гүлденіп, университет деңгейіндегі оқу ордасына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мектептерді дамыту туралы тапсырма бергені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар осы колледжде жүйелі іске асып жатыр.
Әулеттің кенже ұлы Болат Жәмитұлы да – елге танымал ірі кәсіпкер, меценат. Болат Өтемұратов басқаратын халықаралық қор еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып келеді. Қызылордада «Ақмешіт-Сырдария» мешітін, Қорқыт ата әуежайын, гольф орталығын, мектептер мен тұрғын үйлерді салды. «Елге қызмет ету – бұл менің әкем Жәмиттің, анам Дәріштің, ағам Мәжиттің аманаты. Мен осы жолдан таймаймын», – дейді Болат Жәмитұлы.
Мәжит Жәмитұлының жан жары Орынбор қаласының қызы Заида Сағидоллақызы – қазақы тәрбиені бойына сіңірген парасатты жан. Ұлы Сәкен атасы Жәмиттің жолын жалғаған білікті заңгер, құқық қорғау саласында қызмет атқарады. Қызы Жанель банк саласында еңбек етеді.
Дәріш апаның 80 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Тағдырдың жазуымен Дәріш апа 2012 жылы мәңгілік сапарға аттанды. Сол шаралардың басы-қасында жүріп қызмет еткенімді мәртебе көремін.
Мәжит Жәмитұлы дүние салғанда да арулап шығарып салу рәсімі осы мешітте өтті. Егер тірі болғанда, Мәжит ағамыз бүгінде 80 жасқа толар еді. Амал нешік… Алланың жазғаны. Ұрпағы бақытты һәм баянды ғұмыр кешсін.
Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Түркия, Стамбул





