Мәжіліс депутаты «Самұрық-Қазынаның» бюджетке аударып жүрген қаражаты тым аз екенін айтты

495

0

Фото:gov.kz

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мемлекетке аударатын қаражаты тым аз екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсауды тоқтатып, қаражатты аса қажетті инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсалу керектігін назарға салды. Алайда, айтылған сынға, берілген тапсырмаға біраз уақыт өтсе де Ұлттық әл-ауқат қорының мемлекет бюджетіне қаражат бөлуі көңіл көншітпей отыр. Атап айтқанда, 2022 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке берілетін пайданың 70 пайызының орнына тек 10 пайызын ғана төлеген. Нақтырақ тоқталсақ, 1 триллион 629 млрд теңге таза табыстың 170 млрд теңгесін қайтарып отыр. Ал тапсырма бойынша, бюджетке 1 триллион 140 млрд теңге қайтару қажет еді. Яғни, 970 млрд теңге мемлекет қазынасына аударылмаған. Бұл қаражат республикалық бюджетке құйылса, елдің әл-ауқатын көтеретін жобаларды іске асыруға бағытталатын еді», – деді М.Жайымбетов Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, әлі де Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың табыстарын ашық түрде жариялау талабы сақталмай отыр.

«Мәселен, 2022 жылы Air Astana басшысы өзіне 394 млн теңге сыйақы төлегені туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жарыса жазды. Ал, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының деңгейімен салыстыруға келмейтін «Отбасы банк» мемлекетке 67 млрд теңгеден астам қаражат қайтарды», – деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, дивидендтік саясаттағы жүйелілік кемшіліктерді қайта реттеу қажет.

«Ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке берілетін 70% пайдасын толық қайтаруды және қайтарылған қаражатты «Жайлы мектеп» жобасына немесе әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне жұмсауды ұсынамын. Холдингтер мен Ұлттық компаниялардың дивидендтік табыстары бойынша Парламентке ашық есеп беруін қамтамасыз ету аса маңызды екенін де атап өткім келеді», – деді Мархабат Жайымбетов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<