Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысы аясындағы секциялық жиын кулуарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Самат Нұртаза білім саласына қатысты өзекті мәселелерді көтеретінін айтты.
Депутаттың сөзінше, Ұлттық құрылтай – мемлекет дамуына тікелей әсер ететін маңызды тақырыптар талқыланатын алқалы алаң.
Алдымен Самат Нұртаза Сыр өңіріне қатысты әсерімен бөлісті.
– Маған қаланың тазалығы ерекше ұнады. Тұрғындардың туған жерге жанашырлықпен қарап, тазалыққа мән беретіні бірден байқалады. Сыр өңіріне бұған дейін де бірнеше рет келгенмін. Ол кезде әуежайда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан еді. Кеше ұшақтан түскен сәтте жаңа келбетке енген әуежайды көріп, шын мәнінде қуандым. Қызмет көрсету сапасы да жоғары деңгейде, – деді депутат.
Сондай-ақ ол Ұлттық құрылтайда көтеретін бастамаларына тоқталды. Оның айтуынша, негізгі назар білім саласындағы бірқатар түйткілдерге аударылады.
– Өз тарапымнан білім саласына қатысты бірнеше мәселені көтеремін. Әсіресе, мектептердегі психолог мамандардың жағдайына назар аудару қажет. Мұғалімдердің жалақысы өскенімен, психологтар бұл қолдаудан тыс қалып отыр. Сонымен қатар жиында мектеп оқулықтарына қатысты мәселелер де талқыланатын болады, – деді Самат Нұртаза.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтай аясында қоғам өмірінің түрлі саласына қатысты ұсыныстар мен бастамалар ортаға салынып, мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған нақты қадамдар талқылануда.






