Мәжілісмен Мұрат немесе мемлекетшіл мінез иесі

6

0

Жылдар тек уақыт өлшемі ғана емес, ол – тәжірибе, сабақ, шыңдалу мен толысудың жарқын жаршысы. Сынаптай сырғыған сол уақыттың әрбір өткелінде белгілі бір бұлтартпас баспалдақтар болады. Мысалы, Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың аяқ басқан алпысыншы көктемі жай ғана мерейлі жас межесі емес, бұл – азаматтың кемеліне келіп, көргені мен түйгені таразыға түсетін, өткен жолына байыппен көз жүгіртіп, болашаққа нық қадам жасайтын жаймашуақ кезеңі дер едім.

Тіпті «Көктем гүлдің бағын ашады, басшы елдің бағын ашады» дейтін халық даналығы да кейіпкеріміздің көркем келбетін кескіндейтін секілді. Өйткені кіндігі көктемде кесіліп, көктеммен көктеп-көгеріп, көктемде кемелдікке келген кісінің көңілі де көктемге ұқсайды. Жан-жағын жаңғыртады, төңірегін тамашаға телітіп, жаңаша түлетеді, көптің жүгін көтеріп, елмен бірге есейеді. Ол – туған жердің патриот перзенті, ел мен жер тағдыры үшін үнемі бүйрегі бүлкілдеп, бауыры езіліп тұрады. Керек десеңіз, елдің әрбір адамына деген нәзік сыйластық пен суымайтын сүйіспеншілік сезімі оның жүрегінде тулап жатады.

Жалпы, уақыт үстемдігі – адам ғұ­мырының ең әділ төрешісі ғой. Ол ешкімге аялдамайды, ешкімді күтпейді. Бірақ сол тынымсыз ағыс ішінде әр адамның жү­ріп өткен жолы, қалдырған ізі, атқарған ісі арқылы өмірінің мәні мен салмағы ай­қындала береді.

Осы ретте заңғар жазушы Әбіш Ке­кілбаев айтқан: «Жақсысын ұлықтамау, жай­саңын қызықтамау – өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік болар еді» деген тағылымды ой еріксіз еске түседі. Себебі әрбір сұңғыла сөздің астарынан атпал азаматтың ажарын, бейнесін аңғаруға болады. Сол негізді алға тартып, біз Мұрат Ергешбаевты қайраткерлік болмыс-бітімін баян етуге бекіндік.

Асылы, зерделеп, байыппен ой елегінен өткізсем, Мұрат Нәлқожаұлымен арадағы сыйластық отыз жылға жуық уақытты қамтыпты. Уақыттың жылдамдығы білін­бегенімен, сол жылдардың әр белесі жадымда айқын сақталған.

Алғашқы жүздесуіміз – тоқсаныншы жылдардың орта тұсы-тұғын. Білім беру саласында үш жыл жұмыс жасаған соң мемлекеттік қызметке енді ғана қадам басып, Қызылорда қаласы әкімдігінде қатардағы маман ретінде еңбек жолымды жалғастырып жүрген шағым еді. Ал сол кезеңге дейін Мұрат Нәлқожаұлы ауыл шаруашылығы саласында экономист, банк саласы құрылымдарында, оның ішінде Халық банкінің облыстық филиалының директоры қызметтерінде басқарушылық баспалдақтарынан өтіп, облыс әкімі орынбасарының, бүгінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері Қамбарбек Әжібековтің кеңесшісі қызметін атқаратын. Сол бір сәттен-ақ Мұрат Нәлқожаұлының бекзат болмысы мен іске мығым, орнықты мінезі ерекше әсер қалдырды. Іскерлігіне ішім жылып, қабілетіне қызыға қарадым. Сөйтіп сырттай сүйсініп жүрдім.

Уақыт өте келе осы алғашқы әсер кез­дейсоқ сезім емес, оның табиғи тұлғасы­ның көрінісі екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Оның жаратылысынан жанартаудай тал­пы­ныстың, әдеп пен мәдениеттің, сабыр мен салмақтың үйлесімі айқын аңғары­латын. Қарапайымдылық пен елжандылық санасына сынадай қағылған қазақы қа­сиеттер екеніне көз жеткіздік. Әу баста, аудан басшысы болған әкесінің ақылын алып, алғашқы қызмет сатысын ауылдан бастаған жігіттің бұл беталысы бекер болмағанын білдім. Өйткені ауылдың тәлімі бөлек, тұла бойға темірқазықтай бекитіні бар.

Не керек, осылайша басталған таныс­тық уақыт өте келе байламы берік байла­нысқа ұласты.

Екі мыңыншы жылдардың басында тағдыр бізді қайта тоғыстырды. Ол об­лыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары қызметінде болса, мен облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары едім. Бұл кезеңдегі кәсіби араласуымыз біртіндеп қызметтік қарым-қатынастан асып, адами сыйластық пен өзара сенімге негізделген әріптеске айналдық.

Аунап айлар, жылжып жылдар өтіп жатты. Әуелгі әріптестік енді сенімді серікке, тамыры терең достыққа ұласты. Мұрат Нәлқожаұлы әр жылдары Қызылорда қалалық қаржы бөлімінің бастығы, «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметтерінде тәжірибе жинақтап, шыңдалу мектебінен өтті. Ол 2008 жылы Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындалып, шаһардың сан-салалы тыныс-тіршілігіне араласқан шақ­та, оның басқарушылық болмысын жаңа қырынан тануға мүмкіндік туды.

Әртүрлі деңгейдегі жауапты қызмет­терде жүріп, оның негізгі ұстанымы өз­гер­мегені байқалды. Қандай жағдайда болма­сын сабыр сақтап, істі жүйелі түрде шешуге ұмтылып, әр әрекетінің түп төркі­нінде «елге пайдам тисе» деген ішкі қағида жататын.

Осы мінезі оның Қызылорда қала­сының және бірнеше ауданның әкімі қыз­метін атқарғанында да айқын көрінді. Мұ­рат Нәлқожаұлы әсіресе, Қызылорда қала­сының әкімі қызметінде жаңашыл іс­тері­мен танылды. Сыр өңірінің бас ша­һары­ның инфра­құрылымын дамыту мен оның тұрақты тіршілігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Оның бастамасымен жол-көлік, энергетика, сумен және газбен қамту салалары жаңғыртылып, бірқатар көшелер күр­де­лі жөндеуден өтті, нәтижесінде тұр­ғын­дар­дың сапалы өмір сүру деңгейі артты. Қызылорда қаласындағы жылу-электр орталығы мазуттан газға ауыс­тырылып, екі қазандығы толық қайта жаңғыртудан өткізілді. Ескі әуежайдың бұрынғы ұшу-қону алаңы қайта жөнделіп, Астана даңғылына айналды. Облыс орталығының кәріз жүйесі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, қаланың тазалығы және өңірлік бағдарламалардың орындалуын үйлестіріп, өңірдің орталығы өмірінің ма­ңызды салаларына тиімді басқару жүргізді. Осы кезеңде жаңа тұрғын үйлер мен әлеу­меттік нысандар салынып, қаланың сәулеттік келбеті ажарланып, шағын және орта бизнестің дамуы да серпін алды.

Одан әрі, Қармақшы, Шиелі, Қазалы, Сырдария аудандарын басқарған жылдары ол тек әкім ретінде емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтін кәсіби ұйымдастырушы ретінде танылды. Осы кезеңде бұл ау­дандарда ауқымды жұмыстар атқары­лып, өңір халқының тұрмыс сапасын арт­­тыруға бағытталған нақты жобалар жү­зеге асты. Елді ізгі мақсатқа жұмыл­дыруды ойлап, ортақ мүдде орайында озық дәстүрді қалыптастырды. Мұндай ұйым­дас­тырушылық қабілеті мен іскерлігі ұштасқан білікті басшының квази­мем­лекеттік сектор мен мемлекеттік қыз­меттің барлық сатыларынан өткен мол тәжірибесі, кез келген істі жүйелі үйлестіре білетін кәсібилігі, тегеурінді табандылығы мен жоғары жауапкершілігі шешуші рөл атқарды. Бұл жөнінде аудандардың халқы оның береке үшін білегі түрулі, санасы сергек, қабілеті қарымды екенін терең тани түсті, әлеуметтік мәселелерді шешуге шынайы кірісетін күрескерлік айбынын әлі күнге дейін зор ықылас, құрметпен еске алады. Әсіресе әлеуметтік саладағы шешімдері мен бастамалары уақыт сынынан өтіп, халық жадында жатталып қалды.

Бұған қоса, облыстық қаржы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармаларының басшысы ретіндегі қызметтері оның жауап­кершілік пен тиянақтылыққа негізделген кәсіби ұстанымын тағы бір мәрте айқындап берді.

Расында, Мұрат Ергешбаев – сөзбен емес, іспен сөйлейтін адамдардың қатары­нан. Сондықтан да ол қай қызметте жүрсе де, нәтижеге жұмыс істеуді басты қағида етеді. Баянды бірлік пен байсалды тірлік мақсатын меже тұтады.

Бүгінде тағдыр бізді заң шығару саласында тоғыстырды. Мен – Сенатта, ол – Мәжілісте. Бұл да өмірдің өзіндік заңдылығы секілді. Бірақ бір нәрсе анық, ол Мәжіліске кездейсоқ келген жоқ. Ол – халықтың ортасынан шыққан, өмір мектебінен өткен, тәжірибесі толысқан мемлекетшіл тұлға ретінде келді.

«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрттың ісі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, Мұрат Нәлқожаұлы Парламент мінберінен өзекті мәселелерді батыл көтеретін білікті депутат ретінде танылып жүр. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы ретінде республикалық бюджетті қа­былдау процесіне де белсенді атса­лысады. Экономика, су ресурстары, жер қатынастары секілді күрделі тақы­рып­тарды жүйелі түрде қозғап келеді. Әсі­ресе ұн экспорты, су саясаты, Арал мәселесі, жер дауы сияқты түйткілге қатысты нақты ұсыныстар айтуы – оның мем­лекетшіл көзқарасының айғағы. Ол көтерген мәселелер – жай статистика емес, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар.

Оның тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен факторлар да ерекше.

Біріншісі – отбасы тәрбиесі, әке тағы­лымы. Мұрат Нәлқожаұлы – мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергеш­баев­тың перзенті. Әке өнегесі – оның өмір­лік бағдаршамы болды. Бірақ бұл жағдай оның жолын жеңілдеткен жоқ. Керісінше, әке оны өмірдің шынайы мектебінен, елдік дәстүрдің айнымас жолынан өткізді.

Алматы халық шаруашылығы институтында оқыған жылдары ол қатарластары секілді жатақханада тұрып, өмірдің қарапайым тіршілігін бастан өткерді. Бұл – оның өз күшімен өмір сүруге үйренуіне, еңбектің қадірін түсінуіне жол ашты. Әскер қатарындағы 2 жылдық борышын шекара күзеті қызметінде өтеуі де оның өміріндегі маңызды кезең болды. Әскери тәртіп пен жауапкершілік оның мінезін шыңдады.

Кеңестік кезеңдегі беделді оқу орны саналатын Алматы халық шаруашылығы инс­титутын тәмамдап, елге оралған тұста да әкенің ұстанымы өзгерген жоқ. «Алдымен ауылға бар» деген бір ауыз сөздің астарында терең мән жатты. Осылайша Мұрат Нәлқожаұлы Сырдария ауданындағы Жамбыл атындағы совхозда қарапайым экономист-маман ретінде еңбек жолын бастады. Бұл кезең – оның елмен етене араласып, қарапайым халықтың тыныс-тіршілігін тереңінен таныған, өмірге деген көзқарасы қалыптасқан шақ болды.

Әкенің осындай өмірлік мектебі жас маманды шыңдап қана қойған жоқ, оны халықтың мұңын түсінетін, жауап­кер­ші­лікті терең сезінетін азамат етіп қалып­тас­тырды. Қай қызмет жүктелсе де, оны мүдірмей, мінсіз атқаруы – сол тәрбиенің жемісі.

Екіншіден, алдыңғы аға буынның жана­шыр қамқорлығы оның бәсекеге қа­білетті тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті. Осы тұрғыда оның өмірінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаев айрықша орын алады.

Ел тәуелсіздігі кезеңінде саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың алғашқы ле­гінің көрнекті өкілі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Мұрат Ергешбаевтың мемле­кеттік қызметке келуіне ықпал еткен, бағыт-бағдар берген ұстазының бірі әрі бірегейі болды. Оның сенімі мен қол­дауы жас маманның үлкен саясатқа қа­дам басуы­на жол ашты. Бұл – тәлім мен сенімнің, тәжірибе мен мүмкіндіктің үй­лескен тұсы еді.

Ол өзінің естелік мақаласында: «Менің Бердібек Машбекұлымен таныстығым 1996 жылдан басталады. Сол жылы ол Қы­зылорда облысының әкімі болып та­ғайындалып, аймақ дамуына тың серпін әкелді. Іскер басшының бастамаларымен өңірде қарқынды өзгерістер жүріп, жаңа басқару қарқыны қалыптаса бастады.

Көп ұзамай ол біздің шаңыраққа арнайы келіп, әкеммен жүздесті. Әңгіме барысында өңірдің болашағы, алдағы жос­парлар кеңінен қозғалып, кейін әкемді түрлі қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс-шараларға тартып отырды. Осы арқылы ол елге еңбегі сіңген азаматтарды назардан тыс қалдырмайтын, тәжірибені бағалай білетін тұлға екенін аңғартты.

Бір күні әкем мені оңаша шақырып, мемлекеттік қызметке ауысу туралы ба­йыпты кеңес берді. Бір түсінгенім, әкем менің мемлекеттік қызметке ауысуым бойынша Бердібек Машбекұлымен ақыл­дасқан екен. Осылайша мен облыс әкім­дігіне қызметке келіп, жаңа талап пен жоғары жауапкершілікке толы ортаға түстім. Бұл – мен үшін үлкен мектеп болды. Ал сол таңдауға себепкер болған Бердібек Машбекұлының сенімі мен бағыт-бағдары өмірлік жолыма елеулі әсер еткенін ерекше атап өткен жөн» деп еске алады.

Сөйтіп, мемлекеттік қызметке келіп – Қызылорда облысы әкімі орынбасарының кеңесшісі лауазымын атқарады. Кейін қызмет еткен қаржы, әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, жергілікті басқару, ұлттық экономика саласында – осының бәрінде оның жан-жақты тәжірибесі қа­лыптасты. Ол әрбір маңызды саланың ерек­шелігін терең меңгеріп, оны ел игі­лігіне тиімді пайдалана білді.

Мұрат Ергешбаевтың басты қасиетінің бірі – кішіпейілділік пен қарапайымдылық. Ол ешқашан өзінің шыққан тегін алға тартпайды. Керісінше, «халықтың баласы болу» әдебін ұстанады. Сондықтан да ол қай ортада жүрсе де, елден кіндік үзген емес.

Бүгінде ол – тек Парламент Мәжілісінің депутаты ғана емес, ел ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген тұлға. Көптің сөзін тыңдай алатын, қажет жерде төрелік айта білетін, жауапкершілікті терең сезінетін азамат.

Осындай өмір жолынан өткен Мұрат Ергешбаев үшін басты мұрат – жеке мансап емес, елге қызмет ету. Оның өмірлік философиясы да осыған саяды. Оның есіміне «мұрат» сөзі бекер тіркелмегендей. Өйткені оның бар болмысы – асыл мұратқа қызмет етудің айқын көрінісі.

Руслан РҮСТЕМОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты