Мәжілісте көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды

136

0

Фото: Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілісте көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды. Жиында жауапты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне күн тәртібіне сәйкес бірқатар тапсырмалар жүктеліп, дайындық шаралары талқыланды, деп хабарлайды Syrboyi.kz.

– Биыл ауданда 17 322 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру, оның ішінде негізгі дақыл күрішті – 6436 гектарға егу жоспарлануда. Ендігі кезекте көктемгі дала жұмыстарына дайындық шараларын бір пысықтап тұқым дайындау, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, техникаларды әзірлеу сынды проблемалық мәселелер болған жағдайда осы бастан шешуге жұмыс жасау қажет, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов биылғы егін егу жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады.

Жиында аудан басшысы көктем айындағы ашық күндерді тиімді пайдаланып, агротехникалық шараларды сақтай отырып, далалық жұмыстарды дер кезінде аяқтау керектігін айтты. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына егіс науқанына дайындық шараларын жеделдетіп, жоғарыда айтылған мәселелерді жеделдетіп шешу жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар «ҚазалыСуШар» кәсіпорнының өндірістік учаскесінің бөлім басшысы Ибрагим Бижановқа тиісті шаруашылықтармен тығыз жұмыс жасап, су лимитін бөлу мәселесін қолға алуды және өткен жылдан қалыптасқан шаруашылықтардың суға қарыздарын егін егу науқанына дейін шұғыл өндіру керектігін айтты.

Аудан басшысы мәжіліс барысында егін шаруашылығындағы тағы бір маңызды мәселе егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарында қолға алу керектігін жеткізді. Суды аз қажет ететін дақылдарды егу және оның көлемін арттыру бойыншада бірқатар тапсырмалар беріп, берілген әрбір тапсырманың жүйелі орындалуын салаға жауапты орынбасары мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына бақылауға алуды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<