Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жуырда 18 кітап қазақ тіліне аударылып, қолданысқа ұсынылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Сайлыбаев, «Абылай хан» атындағы жоғары колледждің басшысы Руслан Дүлдүл жоба жайлы тарата айтты.
Бақытжан Әбдіхалықұлы аталған жоба әлемдік өркениет көшіне ілесудің алғышарты екенін атап өтті.
– Жаңа гуманитарлық білім дегенде, Елбасы философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, тарих, филология және саясаттану секілді жеті бағытты атады. Бұлардың қай-қайсысы да адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал ететін білім салалары. Өздеріңізге белгілі, таяуда ғана жоба аясында таңдалған 800 кітаптың 18 данасы қазақ тіліне аударылып, 10 000 таралыммен баспадан шықты. Айта кетейік, бұл кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 милионнан асқан екен. Демек, мұндай оқулықтарды мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату – әлемдегі баламасы жоқ тәжірибе.
Жаңа оқулықтар арқылы жалпы гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасы жаңа деңгейге шығуы тиіс, – дейді Б.Сайлыбаев.
«Абылай хан» жоғары колледжінің директоры Руслан Кажденбекұлы бүгінде қазақ тіліне аударылып жатқан оқулықтар дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы 100 университеттің оқу бағдарламасында бар екендігін атап өтті. Демек, болашақ мамандар жаңа оқулықтар арқылы гуманитарлық саладағы әлемдік тұжырымдар мен тәжірибелерді ойына түйіп, заманауи талаптарға бейімделетін болса, бәсекеге қабілеттілік те арта түсері сөзсіз.
Оқулықтарды қазақ тіліне аудару өз алдына, бұл теориялық материалдарды осы саланың мамандары еркін игеріп, кең ауқымда насихаттауы тиіс. Сол үшін де қолданысқа ұсынылған оқулықтар кітап түрінде, онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жобаның гуманитарлық сала мамандарын даярлауда тиімділігі зор .
Баспасөз конференциясының барысында БАҚ өкілдері тақырып төңірегіндегі түрлі сауалдарына жауап алды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<