Мамандығымыздың жауапты екенін ұғынамыз — қызылордалық құтқарушы

297

0

Фото: Қызылорда облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағы

Қызылордалық құтқарушы Қайрат Қыдырәлиұлы Кенжебаев 22 жылдан бері төтенше жағдайлар саласында қызмет атқарып келеді. Ұзақ жылдар бойы өз саласында мол тәжірибе жинақтаған қарапайым еңбек адамы бүгінде Атырау облысында халықты су тасқынынан құтқару бағытында уақытпен санаспай еңбек етіп жүр. Тәжірибелі маман төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды екенін айтады.

«Қандай жағдай болмасын, ел амандығы үшін кез-келген жағдайда көмек көрсетуге дайынбыз. Қызметке қабылданған алғашқы сәттен бұл саланың жауапты екенін ұғынып келеміз. Тәжірибелі құтқарушыға тән қасиеттерді игеруге көңіл бөлдік. Мамандықтың қыр-сырын үйренуге көңіл бөлдік. Әрине, мамандығымыз қауіпті екенін рас. Десе де әрбір сәтте жанқиярлық әрекетпен адам өмірін сақтауға көңіл бөлеміз. Бұл біздің өмірлік ұстанымымызға айналған. Сондай-ақ, табиғи және техногендік сипаттағы апат салдарынан зардап шеккен тұрғындар мен олардың мал-мүлкін құтқаруға назар аударамыз. Биыл бұл бағытта еліміздің бірнеше облысында жұмыс жасадық. Әрбір сәтте халықтың алғысына ие болу абыройлы және ер азаматқа лайықты қызмет екенін ұғынамыз. Сондықтан да қай уақытта болмасын құтқарушы мамандығының мәртебесі биік ойлаймын», — деді ол.

Мамандығымыздың жауапты екенін ұғынамыз — қызылордалық құтқарушы

Ол өзінің ұзақ жылғы еңбегінің арқасында ІІ дәрежелі «Құтқарушы», «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін», ІІІ дәрежелі «Төтенше жағдайлар жүйесіне еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінің бірнеше мәрте алғыс хатын иеленген. Бүгінде ол 2 айға жуық Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында су тасқынының алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.

«Топан судың алдын алу және жою кезіндегі қажетті техникаларға уақытылы күтім көрсетіліп, олардың үздіксіз жұмыс жасап тұруы маңызды. Мен бала кезден әкем көлік жөндеп жатқанда қасында жүріп, қатты қызығатын едім. Ал қазір өзімнің балаларым менің жанымда дәл солай құрақ ұшып техника жөндеуге көмек көрсетеді», — деді ол. 

Облыстық жедел құтқару жасағында радиациялық-химия бөлімнің бас құтқарушы лауазымын атқарып келе жатқан кәсіби маман 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Ол құтқарушыдан жоғары санатты бас құтқарушыға дейін көтерілді. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<