Маңғыстауда алғаш рет мәйіттік донор тіркелді

4

0

Фото: Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухана

Ақтауда алғаш рет адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жағдай тіркелді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Облыстық көпбейінді ауруханасында 45 жастағы ер адамның ми өлімі тіркелген. Осы жағдайға байланысты өңірлік үйлестіруші Индира Аманқосқызы мен стационарлық координатор Ілияс Юсупұлы туыстарына қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жақындары батылдық танытып, донорлыққа келісім берген соң аурухана базасында Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы мамандарымен бірлесіп жүрек алу операциясы жасалды.

Донордың жүрегі ұзақ уақыт күту парағында тұрған науқасқа сәтті трансплантацияланды. Отаны Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация орталығының мамандары сәтті жүзеге асырды.

— Бұл — өңіріміз үшін ерекше маңызды оқиға. Донорлық ми өлімінің ресми расталуынан кейін барлық медициналық рәсімдер заңды түрде орындалды. Біз донорлыққа шешім қабылдаған отбасына шынайы құрмет көрсетеміз және адам өмірін құтқаруға бағытталған ізгі қадамдары үшін алғыс айтамыз, — дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының міндетін атқарушы Берік Каунов.

Маңғыстау облысы бойынша трансплантация жөніндегі өңірлік үйлестіруші Индира Аманқосқызының айтуынша, қазір жалпы күту парағында 175 маңғыстаулық бар. Оның ішінде 165 ересек пен 3 бала — бүйрек, 4 ересек, 1 бала — бауыр, 2 ересек жүрек трансплантациясын күтіп отыр.