Конституциялық комиссияның кейінгі күндердегі кезекті отырыстарында қандай ұсыныс-пікірлер айтылғанына шолу жасасақ, Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстың негізінде әзірленді. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата Заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.
«Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі ақылға мұқият салынған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады», – деп атап өтті Конституциялық комиссияның мүшесі.
Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталуда. Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіздіктерді болдырмауда үлкен жұмыс атқарды. Жиынтық жобада ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие.
«Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар негізгі өзгерістерді де атап өтті: жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата Заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады. Бақыт Нұрмұхановтың хабарлауынша, конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашады.
Отырыста Қазақстан Конституциясының преамбуласының редакциясы толықтай жаңартылатыны, неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтілетіні, Халық Кеңесі барлық азаматтардың мүддесін білдіретіні, мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіні және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалатыны айтылды.
Конституциялық комиссияның бейсенбі күні өткен кезекті отырысында жаңа Ата Заң мәселесін қарау ұсынылды. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, жекелеген түзетулер емес, жаңа Конституция қажет. Ал депутат Айдос Сарым пропорционалды жүйенің мажоритарлық жүйеге қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие екенін айтты.
«Конституция жобасында отбасы мен балаларды қорғау күшейтіліп, неке институтын нығайтуға бағытталған жаңа нормалар көзделген» деп атап өткен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, «Қазақстандағы білім және тәрбие беру жүйесі зайырлы екенін Конституцияда бекіту қажет» деген Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев өз пікірлерін ортаға салды.
Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Халық Кеңесі Құрылтайдың баламасы еместігін, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Конституцияға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» идеяларын енгізуді атап өтті.
«Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай адвокатураның мәртебесіне қатысты нормалар әлі де нақтылауды қажет ететініне, Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев бүгінгі реформа тек білімді ғана емес, елдің болашағы үшін жауапкершілік алатын саяси мінезді талап ететініне тоқталды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың пайымдауынша, Конституцияда соттың санкциясынсыз ұстау мерзімдерін белгілеу қажет емес. Отырыста депутат Снежанна Имашева жаңа Конституцияны қабылдау неліктен орынды екенін түсіндірсе, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Құрылтай мен Халық Кеңесі халықтың даусын билікке жеткізетін алтын көпір болатынын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов шығармашылықты қорғау жаңа Конституциядағы маңызды норма екенін атады. Комиссияның басқа да мүшелері Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге орай ой-пікірлерін айтты.
Кезекті отырыста Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тлеумбетов жергілікті өкілді орган – мәслихат төрағаларының атынан сөз сөйледі.
– Әділетті Қазақстанның өзегі – «Заң мен тәртіп» қағидатының Конституциямызда көрініс табуы туралы ұсыныс өзекті. «Заң мен тәртіп» – әр адамның өзіне тиесілі негізгі құқықтарын пайдаланудың қажетті шарты. Заң үстемдігі мен тәртіпке конституциялық пәрмен берілуі – елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіндегі мақсатымызға жетудің бірден-бір факторы. Ұлттық құндылықтарымыз бен елдің идеялық бағдарын Конституцияның кіріспесіне енгізу жөніндегі пікірлер орынды деп санаймыз. Конституция жобасындағы адамның ең жоғары құндылық екені, оның құқықтары мен бостандығын іске асырудың мақсатындағы жаңалықтарды қолдаймыз, – деді М.Тлеумбетов.
Мәслихат төрағасы неке және отбасы құндылығының Ата Заң деңгейінде қорғалатынына, адами капиталды одан әрі дамыту бағыты кеңінен талқыланғанына, бұл заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні игерген адами капиталға сүйенген инновациялық экономикаға кеңінен жол ашатынына тоқталды.
Еске салайық, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде комиссия отырыстарына, жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатысуда.





