Маңызды мәселелер талқыланды

4

0

Сейсенбіде облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті XXVII сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, депутаттар мен жауапты сала басшылары қатысқан сессияның күн тәртібінде 19 мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі үш мәселе, атап айтқанда, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу, облыстық және аудандық, облыстық маңызы бар қала бюджеті арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы тарнсферттердің көлемі, 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы депутаттар жан-жақты талдап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бұл мәселелер сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлесен отырысында да қызу талқыланды. Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек  хабарлама жасап, аталған мәселелерге қатысты депутаттар сауалына жауап берді.

Сессияда облыс әкімінің бірінші орын­басары аймақ экономикасын әртарап­тан­дыруға, тұр­ғын­дардың тұрмыс жағдайын жақсартуға ба­ғытталған серпінді жобалар туралы айтып өтті.

– Өткен 10 айдың қорытындысына қара­ғанда, аймақтың макроэкономикалық көрсет­кіштерінде өсім бар. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асады деп күтілуде. Кейінгі үш жылда 1 триллион 600 млрд теңге инвестиция тартылды. Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен облыс бюджеті 851 млрд 300 млн  теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есеге артты. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.

Биыл 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің қолда­нылу мерзімі аяқталады. Осыған байла­ныс­ты, 2025 жылдың 8 желтоқсанында Мем­лекет басшысы «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері ара­­сындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі ту­ралы» және «2026-2028 жылдарға ар­налған республикалық бюджет туралы» заң­дарға қол қойды. Осыған сәйкес алдағы үш жылдық кезеңге, яғни 2026-2028 жыл­дарға арналған бюджет параметрлері айқын­­далып, бүгінгі мәслихат сессиясында екі маңызды құжат «2026-2028 жылдарға ар­налған облыстық бюджет туралы» және «Облыстық және аудан­дық бюджеттер, облыстық маңызы бар қала бюджеті ара­сындағы 2026-2028 жылдарға ар­налған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі тура­лы» Қызылорда облыстық мәсли­ха­тының шешімдері бекітіледі, – деді Д.Жаналинов.

Алдағы уақытта қаржыландырудың барлық көзінен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қала мен ауылдардың сәулеттік келбетін жаңартуға, заманауи ғимараттар салуға бағытталған жаңа жобалар жалғасады.

Сессияда мәслихат депутаттары ұсыныс­тарын жеткізіп, қаралған маңызды құжаттардың өңір дамуындағы маңызын атап өтті.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»