Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қайсар» мен «Жетісу» ойынына арнайы келіп, дала қасқырларына қолдау көрсетті.
Ойын нәтижесінен кейін аймақ басшысы Сыр жанкүйерлерін «Қайсардың» премьер-лига жолдамасын жеңіп алуымен құттықтады. Сонымен қатар команда капитаны Мақсат Байжановқа құрмет көрсетті.
– Бүгін Сыр спортының саңлағы, доп додасының дарабозы Мақсат Байжановтың үлкен спортпен қоштасу рәсіміне жиналып тұрмыз. Мақсаттың спорттық межесі өз мерейімен айшықталады. Ол жеңісті де, жеңілісті де бастан кешірген, бірақ жеңісі үстем, көргені көп, түйгені мол тарланбоз жігіт.
Байжановтың бабы ел біріншілігінде 500-ге жуық ойын өткізіп, 80-ге жуық гол соққан мергендігімен де көрінді. Сондай қысылтаяң шақта команда жауапкершілігін арқалаудың аманаты ауыр болады. Міне, Мақсаттың мықтылығы осынысымен озық тұр. Сол себепті жанкүйерлер оны құрметтейді, қаншама жас буын оған қарап бой түзеуге тырысады.
Сыр спорты жасай берсін! Алға «Қайсар»! Алға Қазақстан!, – деді облыс әкімі.
Шара барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мақсатқа Сыр халқының атынан теміртұлпардың кілтін табыстады!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<