Марал баба кім болған?

1863

0

Марал баба кім болған?

         Марал баба кім болған? Діни ағартушы, үш жүздің баласы пір тұтқан керемет әулие, Ислам жолындағы ғазауат майданының күрескері, халықты отырықшылыққа, егіншілікке баулушы.

         Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Марал ишан кесенесінің суреті экспозицияда тұр. Кесене жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері қатарында екен. Біздің әңгіме Арқада туылып, Сыр топырағында жай тапқан Марал ишан туралы болмақ.

         Марал бабаның дүниеге келуінің өзі тарихи оқиғалармен байланысты бір қызық әңгіме. 1741 жылы Жоңғар әскерлері қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасағанда Абылай асқан ерлік көрсетіп, қалмақтарға қарсы екі жүз әскермен қарсы шығады. Ұрыста қазақтар жеңіліс тауып, Абылай сұлтан қолға түседі. Жоңғарлардың ішкі-сыртқы жағдайларының қиындап тұрған кезінде қазақ жеріне жасалған шабуылдың қате болғанын түсінген қалмақ ханы Қалдан-Церен Абылайды аман алып қалып, келіссөзге шақырады. Ресей мен Қытай империясының сыртқы қатынасында келеңсіздіктер ұлғайып бара жатқанын сезген Қалдан-Церен Абылай ханның кемеңгерлігі мен көрегендігін өз саясатында пайдаланбақшы болады. Абылай ханды еліне сый-сияпатпен қайтарады. Сыйдан бөлек, Қалдан-Церен қазақ ханымен жақсы қарым-қатынас орнату үшін, айыбын жуып-шаю мақсатында қазақ әйелінен туған екі қызын қоса береді. Тарихи деректерге сүйенсек, қасында Жолбарыс сұлтан бар, барлығы отыз бес адам аман-есен елге оралыпты. Еліне қайтар алдында Абылай ханға екі қыздың анасы келіп, туыстық ақыл ретінде қыздарын ұзатарда бойларындағы ерекшеліктерін ескеруін сұрап, былай деп өсиет етеді: «Үлкен қызымнан батыр туады, кіші қызымнан әулие туады. Бірін жүрек жұтқан батырға бер, екіншісін бес уақыт намазы бар адамға бер. Тұңғыш қызым түзге отырғанда дәреті жерді тесіп кете жаздайды, ал екінші қызым дәретін үнемі жасырып-көміп жүреді».

         Елге келген соң Абылай хан кіші қызды сүйікті емшісі, аузында иманы бар Құрман Кенжебайұлына қосады. Құрман алған Фатима қыздан Құлжа, Арал, Марал есімді балалар өрбиді. Жоңғар еліндегі қазақ әйелінің көрегендігін айтсаңызшы, айтқаны дәл келеді. Кіші қызынан Маралдай әулие дүниеге келеді. Марал ишанның анасы Фатиманың бейіті Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Жосалыдан терістік шығыста орналасқан бұрынғы «Қамыр қорымы» аталған жалпақ төбенің басында. Қазір бұл «Марал баба» қорымы аталады. Марал ишанның анасы да тегін адам болмаса керек. Дүниеден өтер алдында баласына «Сен де осында келесің» деген екен.  «Арқа жерінде дүние салған Марал бабаны анасының қасына жерлеген», – дейді аңыздық деректер.

         Марал ишан 1780 жылы Қызылжардың Обаған өзенінің қарағай, қайың, көктерек араласа өскен, орманында марал, бұлан, ақбөкен, елік, қасқыр  және түрлі құстары бар тоғайлы алқабында «Қайран көл» деген жерде дүниеге келген. Кейін ол әулиенің отыратын жері болғандықтан «Әулие көл» деп аталып кеткен. Марал ишанның тоғыз жасында әкесі дүние салады. Он үш жасында анасы Фатимамен бірге білім іздеп, Ақмешітке келеді. Сыр бойына белгілі Құланбай ишанның тәрбиесінде болады. Бір аңыздық деректерде, бала Марал анасымен Құланбай ишанның үйінде ұйықтап жатқанда, баланың үстінен түсіп тұрған сәулені көріп, тегін бала емес екендігін түсінеді. Кейін Құланбайдың қойын бағып жүрген бала Маралдың қой отарының арасында түнгі уақытта жарқырап жатқан бейнесін көреді. Құланбай ишан баланың тегін еместігіне тағы көзі жетеді. Балада бір қасиет барын түсінген Құланбай ишан қызы Меңлібикені атастырып, өзінің пірі – Жалаңаяқ ишанға оқуға жібереді. Оқуын бітіргеннен кейін Марал ишан Жалаңаяқ ишанның айтуымен атастырылған қалыңдығы Меңлібикеге үйленеді. Қалмұхаммед (Қалқай ишан) – тұңғыш баласы.

         Марал баба өзі туып-өскен Қостанайда дүние салады. «Сүйегі неге Сыр бойында?» деген сұрақ туындайды. «Марал ишан Қармақшы жерімен Сырдарияның үстімен атпен өткенде, дария суы аттың шашасынан ғана келеді екен. Дариядан өткенде алдынан ақ түйе көрінеді екен. Түйенің бірінші шөккен жері сенің мәңгілік жайың, о дүниелік болғанда сонда барып жатасың» – дейді аңыздар желісі. Арқа жерінде дүние салып, Сыр топырағында жерленуі де сондықтан… Марал баба анасының аманатын орындап, анасының қасына жерленген екен.

         Марал ишан мен Кенесары хан – апалы-сіңілі қыздардан туған бөлелер. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті қолдаған Марал ишан орыстармен шайқасып, ғазауат соғысын жүргізген. Кенесары ханның беделінің артуына көп үлес қосқан.

         Марал ишан – халықтың ислами сауаттануына, мәдениетін көтеруіне, халықты ауру-сырқаттан емдеуге көп еңбек сіңірген тарихи тұлға.

Жұлдызай АСАНХАНҚЫЗЫ,

№282 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<