Бүгін қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Сражадинұлы дәстүрлі «QOSYL премия» қала жастарының қорытынды кешіне қатысып, «Самғау» жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттады.
Шарада жастар саясатын жүзеге асыру бағыттары бойынша үздік 7 жасқа Қызылорда қаласы әкімінің 150 000 теңге ақшалай сыйлығы мен «Самғау» жастар сыйлығының естелік статуэткасы табыс етілді. Сонымен қатар, салтанатты жиында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастар саясаты саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар жастар қала әкімінің арнайы «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Еркін формат, ерекше көңіл-күйде өткен шарада қызықты номинациялар мен «Qosyl премия» сыйлығы «Үздік ауыл әкімі», «Белсенді ауыл жастары», «Үздік қызылордалық контент», «Үздік жастар контенті» және «Хас батыр» номинациялары бойынша жыл үздіктеріне берілді.
Айта кетейік, 12 тамыз – Жастар күнінде кәсіби салада жұмыс істеп келе жатқан жастар «Құрылысшылар», «Тігіншілер», «Дәнекерлеушілер», «Электриктер» мен «Аспаздар» номинациялары бойынша 150 000 теңге көлемінде сыйақы мен «Самғау» жастар сыйлығын иеленген болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<