МАРСҚА ҰМТЫЛҒАН МАСК

412

0

МАРСҚА ҰМТЫЛҒАН МАСК Осы күні әлемдегі ең танымал адамдардың қатарында Илон Маск есімі жиі аталады. Forbes таратқан мәліметке сәйкес,  кәсіпкер, инвестор һәм өнертапқыштың байлығы 21 млрд долларды жобалайды. Алайда, асқан танымалдылық оған оңайлықпен келмегенін біреу білсе, біреу білмейді. 

Илон Маск 1971 жылы қарапайым отбасында дүниеге келді. Қара жұмысқа қаршадайынан араласты. Бала күнінде әке-шешесінің жолы екіге айырылып, бұл қатал әкесімен бірге қалды. Мектептегі қатарластары Маскті жиі шеттететін. Содан да ол томаға-тұйық боп өсті. Бірақ, бұл көп оқуына, ізденуіне, ғылымға қызығушылығына бөгет бола алған жоқ. Масктің кәсіпке икемі ерте кезден байқалған еді. Он екі жасында-ақ компьютерге арналған ойын жазып, оны 500 долларға сатты. Ең қызығы, алғашқы қомақты табысын бала бола тұрып ойыншыққа немесе тәттіге емес, фармацевтикалық компанияның акциясына жұмсады. Және онысы еселенген табыс күйінде өзіне қайтты. Кейін өнертапқыш Канадаға көшіп, оның белсенді тірлігі сол жерден басталды.

Дегенмен, Маск қандай қызметке кіріссе де, бірден жолы бола қойған жоқ. Университетті бітіріп, ғылыми дәрежесін алғасын банкке жұмысқа орналасып еді, ол жерде ұзақ тұрақтай алмады. Қаржы ұйымынан шығып қалғасын ағасымен бірігіп, бағдарламалық қамтамасыз ету бағытындағы саудамен айналыса бастады. Әкесінің жинаған ақшасының есебінен бастаған бизнестері екі-үш жылда жанданып, кейін фирманы тәуір ақшаға сатып жіберді. Сол ақшаға алаңсыз өмір сүруге әбден болар еді. Бірақ Илонның арманы асқақ, мақсаты басқа болып шықты. Ол өзінің миллиондарын желіде жедел аударым жасайтын компаниясына салып, арада біраз уақыт өткен соң интернет компаниядан алыстап, арманына жол салды.

Бала күнінде фантастикалық шығармаларды көп оқығанының немесе бойына біткен таланттың әсері ме екен, Илон Маск үнемі ғарышқа адам қоныстандыру туралы ойлаумен болды. Ол кезде көбі бұған күліп қараса да, Илон арманының бүгін болмаса, ертең орындалатынына имандай сенді.

Илон Маск құрған ең ірі әрі атақты компаниялардың бірі – SpaceX. Өзінің ғарыш кораблін жасап шығару жайлы идея америкалық кәсіпкерге бірден келе қойған жоқ. Бір жолы ол Ресейге барып, жергілікті кәсіпкерден Кеңес одағы тұсындағы зымыранды сатып алуға тырысқан. Алайда, екі жақ бағаға келіспей, Илон Маск еліне қайтып, арманындағы дүниені өз еңбегімен құрастыруға кірісті. Зымыран жасаудан бөлек, электромобиль құрастыру ісі де оның қызығушылығын оятты. Tesla басшыларымен таныстығы оның арманына қанат бітіргендей еді. Дегенмен, бұл салаға қисапсыз қаржы жұмсауы оны біраз тығырыққа тіреді, сәтсіздіктерге ұшыратты.

2008 жылы жағдай тіптен ушықты. Зымыран ұшыру немесе автомобиль құрастыру тұрмақ, кәсіпорын жұмысшыларына төлейтін көк тиыны қалған жоқ. Илон Масктің орнында басқа біреу болғанда бәріне қолын бір сілтер еді. Бірақ жағдай аяқастынан күрт өзгерді. Кәсіпорын әне-міне банкротқа ұшырайды деп тұрған жерінде кәсіпкер Tesla үшін ыңғайлы инвестор тауып, әп-сәтте өткеннің бәрі қалпына келе бастады.

NASA ғарыш агенттігі SpaceX компаниясымен келісім жасасып, 12 ұшырылым үшін 1,6 млрд доллар төледі. Осыдан кейін Масктің алдағы жолы сәттіліктерге толы болды. Оның жетекшілігімен Tesla жаңа автомобильдер шығарды, SpaceX компаниясы да тәуір жетістіктерімен танылды. Ал ғарыш тарихындағы ең үлкен Falcon Heavy зымыран тасығышының ұшырылу сәтін тікелей трансляция арқылы бүкіл әлем көрді.

Илон Маск жаңадан жоспарлар құрудан жалыққан емес және оларды іске асыруға барынша күш салып келеді. Оның кейбір идеялары жарыққа шығып үлгерсе, енді біреулері әзірге теория күйінде қалып отыр. Бірақ, өнертапқыш әрі кәсіпкер олардың да бір күні орындалатынына сенімді.

Масктің басты мақсаты – Марсқа қоныс аудару. Оның ойынша, біздің ғаламшарға алып астероид құлаған күні немесе жанартау атқылаған жағдайда жердегі тіршілік тоқтайды. Тіпті үшінші дүниежүзілік соғыстың өзі адамзатты жер бетінен жойып жіберуі ғажап емес. Маск сондықтан осы бастан Марстан орын сайлап қоя беру керектігін жиі көтеріп жүр. Және бұл арманын 2025 жылға дейін жүзеге асыруға уәде берді.

Әзірлеген

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<