Мәдина Ералиеваның жеке мұрағатындағы сирек суреттер

823

0

«Ән әлемінің Ақбаяны» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева осыдан 19 жыл бұрын жол апатына ұшырап, көз жұмды. «Күрең күз» әнін айтып, марқұм Мәдина елімен «қоштасты». Оның қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыры бір жылдан соң, 2000 жылдың қараша айында үзілді. Әнші бүгінде тірі болғанында немерелерінің қызығын көріп, ақ жаулықты әже болып отыратын еді. Әншінің жалғыз баласы Арсен Stan.kz ақпарат агенттігімен жеке мұрағатынан бұрын-соңды жарияланбаған анасының суреттерімен бөлісті. 
Мәдина Есмалайқызы Ералиева 1954 жылы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. 1974 жылы Қызылорда педагогикалық училищесінің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыка факультетін тәмамдаған. Одан кейінгі жылдары Әдебиет және өнер институтында жұмыс істеген. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облысы филармониясының жетекші әншісі болды.
1981 жылы Атабаев Болатпен отау құрған. 1982 жылы жалғыз ұлы Арсен дүниеге келді. Талай ару қызыға әрі тамсана қарайтын бұлбұл әнші 1990 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын алған.
Мәдина Ералиеваның «Ақбаян», «Күрең күз», «Кірмеші жиі түсіме», «Айқарагөз» «Сағым жылдар» секілді әндерін халық әлі күнге дейін шырқап келеді. Ол ұлттық ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосты. Ғұмырының соңғы жылдары «Күрең күз» әнін шырқады.
2002 жылы Мәдина Ералиеваны алғаш еске алу кеші өтті. Алматыдағы «Таугүл-3» ықшам ауданында әншінің есімімен көше атауы берілді. Өзінің туған өлкесі Қызылорда қаласында да Мәдинаның атына берілген көше бар.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<