Қызылорда қаласының №2 сотында «Медиация – сотсыз татуласу» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізілді. Оған судьялар, облыстық прокуратура, облыстық және қалалық ішкі істер департаменті, ЗК-169/1 мен ЗК-169/5 мекемесі, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдері және медиаторлар қатысты.
Қазақ ежелден – мәмілегер халық. Кез келген даулы мәселелерді келісіммен шешіп отырған. Баяғыдан қалған осы үрдіс бүгінде медиация арқылы жүзеге асуда.
– Дегенмен, медиатордың көмегіне жүгінушілер әлі де аз, мүмкін халыққа заңды түсіндіру жұмыстарын әлі де жетілдіру керек шығар. Мәселен, сот жүйесі дамыған елдерде істің 90%-і (Сингапурда – 95%) медиация тәртібімен шешіледі. Сотқа жүгіну жүктемесі азайтылса, істі қарау сапасы да көтеріледі, ауыр істерді қарауға судьялардың уақыты да көбейетін болады. Олардың мүддесіне сотталушы мен жәбірленушіні татуластыру көзделген. «Дөңгелек үстелде» бас бостандығынан айыру мекемелеріне медиаторларды кіргізіп, сотталушы мен жәбірленушіні тең сөйлестіру мәселесін көтердік. Себебі, адамдарды татуластыру үшін ең алдымен олармен байланыс болу керек. Ортақ байланысты медиаторлар жалғайды, – деді қалалық №2 сотының төрағасы А.Әбу.
Медиацияның ерекшелігі, бұл процедура сотқа дейін, сот барысында және соттан кейін де жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тараптарды ымыраға келтіріп бейбіт келісім жасатып, сот және атқарушылық өндірістің тоқтатылуына негіз болады. Бүгінде құқық қорғау қызметтері орталығында «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстағы филиалының тәжірибелі медиаторлары жұмыс жасайды. Орталықтың облыстағы филиал директоры Руслан Бейіс өз баяндамасында орталық ашылғалы 320 келушіге медиацияға қатысты кеңес берілгенін, сотсыз татуластыру жүзеге асырылғанын баяндады. Сондай-ақ, еңбек даулары, отбасында туындаған даулар, өзге де азаматтық қатынастарға байланысты дауларды шешуге кеңестер берілді.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<