Медицина – мамандық төресі

195

0

Фото: Облыс әкімдігі

Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, ұлттың саулығын жақсарту арқылы биік мақсатқа жету барша дамыған елдер ұстанған басты бағыт. Осы орайда медицина қызметкерлеріне артылар жауапкершілік жүгі қашан да ауыр. Елімізде жыл сайын маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкері күні ретінде аталып өтеді. «Бірінші байлық – денсаулық» десек, адам саулығының сақшылары – дәрігерлер қауымы  қандай құрметке де лайық. Облыста 3 мың дәрігер, 12 мың орта буын, жалпы 20 мыңға жуық медицина саласының қызметкері еңбек етеді.

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орта­лығында» Медицина қызмет­керлері кү­ніне арналған «Сыр меди­цинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті.

Басқосуға жауапты сала бас­шылары, медицина саласының қыз­меткерлері мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы жиналған қауымды кәсіби мерекемен құт­тықтап, Сыр меди­цинасының бү­гін­гі беталысы мен алдағы жос­парларға тоқталды.

– Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Сіздер халқымыздың әл-ауқатын арт­тыруға, дені сау ұлт қалыптастыруға бағыт­талған жаңа реформалар мен бағдар­ла­­маларды сәтті жүзеге асыру жо­лында жауапты міндет атқарып ке­ле­сіздер. Нағыз дәрігер үшін ең жоғары құндылық – халықтың ыс­тық ықыласы мен алғысына бө­лену. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіз­дердің өлшеусіз еңбектеріңізге барша Сыр жұртшылығының, өзім­­нің атымнан алғыс айтып, зор ри­за­шылығымызды біл­ді­ре­­мін. Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Ақордада өт­кен дәрігер­лермен кездесуде «Ден­­сау­лық сақтау жүйесін да­мы­ту, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Өйт­кені медицинаның дең­гейі мен қолжетімділігі – елі­міз­­дегі өмір сапасының негізгі көр­­сет­кіші» деген болатын. Ай­ма­ғымызда Мемлекет бас­шы­­­сының тапсырмасымен, Үкімет­­тің қолдауы­мен халық денсау­лы­ғын нығайтуға, меди­цина қыз­­­мет­­кер­леріне жан-жақты қол­дау көрсетуге бағытталған кешен­ді шаралар нәтижелі жүзеге асы­ры­луда.

Кейінгі үш жылда салаға 441 млрд теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді.

Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынып, іске қосылды. Төрт көпбейінді ау­дандық орталық аурухана жанынан қо­сымша құрылыстар, емханасы мен онко­ло­гиялық бөлімшесі бар 300 орындық көп­бейінді аурухана бой көтеруде. Соңғы үш жылда 24 медициналық нысан күрделі жөн­деуден өтті. Халық сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі денсаулық сақтау меке­мелері санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтылып, мәселе түбегейлі шешімін тапты.

Жақында Қызылордада өткен халық­­аралық ғылыми-практикалық конфе­рен­­ция­да медицина қызметкерлерін әлеу­­меттік қолдау, кадрларды тұрақ­тан­дыру үшін өңіріміздің денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арнап 100 пәтер­лік тұрғын үй салу туралы шешім қабылдадық. Қазір құрылыс басталды, жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек.

Өткен жылы 15 дәрігер Түркиядағы, биыл 41 маман Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі алдыңғы қатарлы клиникаларда біліктілік арттырды.

Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай, күні-түні жасаған қызметтеріңіз үшін тағы да алғысымызды білдіремін! Ха­лыққа әрдайым адал қыз­мет етіп, абыройлы болыңыздар! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мерекелік басқосуда қажыр-қайра­тын, білімі мен біліктілігін ұлт саулығына ар­на­ған медицина қызметкерлері ма­рапат төрі­нен көрінді. Қызылорда қала­лық көп­бейінді ауруханасының кеңесші хирург дәрігері Юрий Фотиади «Құрмет» ордені­мен, «Қазлепрозорий» мекемесі Тасбөгет бөлімшесінің мең­герушісі Анаркүл Нұрғалиева «Шапағат» меда­лімен мара­пат­талып, сала ардагері Асылбек Тоғызбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы табысталды.

Мерекеде медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Кейінгі жылдары өңіріміздің медицина саласына бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры­мен тұрақты әріптестік байланыс орна­тылған. Қор кейінгі екі жылда өңірдің ден­саулық сақтау саласына 4 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыс­тық балалар ауруханасы базасында, Жа­ңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Жақын күн­дері Арал ауданында осындай орталық пайда­лануға беріледі. Сирек кездесетін дертке шалдыққандарға қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды. Қор облыстық онкология ор­­талығына құны 1 млрд 100 млн теңге бо­латын, еліміздегі 3 облыста ғана бар скри­нинг жүргізуге арналған жылжымалы меди­циналық кешен табыстады.

Өнерпаздардың әдемі концерті мереке иелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, салтанатты шараның шырайын аша түсті.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»