Медицина қызметкерлері әз Наурыз мерекесін атап өтті

7

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Кеше аудан әкімі Берік Сәрменбаев Сырдария аудандық ауруханасының ұжымын Әз Наурыз мерекесімен құттықтады.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі медицина саласы қызметкерлерінің ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегіне ерекше тоқталып, олардың қоғамдағы рөлінің маңызды екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі бекітілді. Бүгінде ұлттық мерекеміз 10 күн бойы тойлануда. Осы іс-шараға ақ халатты абзал жандар да үлкен үлес қосып, мереке дәстүрлі түрде ерекше көңілмен аталып өтілуде. Наурыз – ежелден халқымыз үшін береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың белгісіне айналған Ұлы даланың қасиетті мейрамы.

Жаңарған Қазақ елінің ертеңі мен болашағын жалғайтын ұлттық мереке.Бұл күн – қыстан «аман шықтық» деп, ала қыстай сақтаған дәм-тұзын бір қазанға тоғыстырған, елге мерей, жұртқа мейір сыйлаған күн. Бүгінде Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, жерлестеріміздің бекем бірлігінің арқасында байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асырылуда. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру шаралары кешенді жүргізіліп келеді. 2022-2025 жылдары салаға 50 млрд. 100 млн. теңге қаржы бөлінді, 26 млрд. 400 млн. теңгеге 40 медицина нысаны салынып, пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы белгіленген жоспарға сәйкес толығымен орындалып, 10 млрд. 700 млн. теңгеге салынған 28 нысан халық игілігіне қызмет етуде, –деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мерекелік жиында бірқатар медицина қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, іс-шара барысында ұлттық дәстүр дәріптелді.

Медицина қызметкерлері әз Наурыз мерекесін атап өтті

Мерекеде медицина саласының ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Рүстем Садықов сөз сөйлеп, барша медицина саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтады.

Іс-шара соңында аудан өнерпаздары әсем ән мен күйден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі