Медицина: Жаңарған инфрақұрылым – саланың серпіні

101

0

Кейінгі 10 жылда аймағымызда 114,3 млрд теңге есебінен 116 нысан бой көтерді. Оның ішінде 4 аудандық аурухана, 6 аудандық емхана салынды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Әбубәкірова осылайша медициналық инфрақұрылым едәуір жаңарып қалғанын жеткізді.

Бұл бағыттағы жұмыстар 2024-2033 жылдарға арналған өңірлік перспективалық жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Ауыл тұр­ғындарына көрсетілетін медициналық көмек деңгейін арттыру мақсатында 2023-2024 жылдары 10,3 млрд теңгеге 27 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны, оның ішінде 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет және 1 медициналық бекет салу жоспарланған.

– Бүгінгі күні жоспарланған барлық нысан пайдалануға берілді. Бұл 46 мыңнан астам ауыл тұрғынының уақытылы медициналық көмек алуына, 190 төсек-орынға лайықталған күндізгі стационарларда ем қабылдауына мүмкіндік береді. Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған көпбейінді аудандық орталық ауруханаларына қосымша жаңа ғимарат салу арқылы қосымша бейінді бөлімшелер ашу, қымбат бағалы МРТ, КТ, ангиографиялық аппаратуралар орнату жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 4 жоба бойынша қосымша ғимарат құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сарап­тамадан оң қорытынды алынды. Жобалардың жалпы құны – 9,9 млрд теңге, – дейді Ж. Әбу­бәкірова.

Резервтен 1,7 млрд теңге, арнайы мем­лекеттік қордан және жергілікті бюд­жеттен 1,2 миллиард теңге бөлініп, Шиелі көпбейінді аудандық орталық ауруханасының қосымша құрылысы пайдалануға берілді. Биыл сондай-ақ Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарында да осындай жұмыс атқарылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қабылдау актісі дайындалып жатыр. Арал және Қазалы аудандарында да ұқсас нысандар жақын арада есігін айқара ашпақ.

– Апатты жағдайдағы және тозығы жеткен ғимараттарды жаңарту қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, 4,5 млрд теңгеге апаттық жағдайдағы Арал және Шиелі аудандық ауруханаларына қарасты жұқпалы аурулар бөлімшелерінің ғимараттарын жаңадан салу жоспарланған. Бүгінгі күні Шиелі аудандық жұқпалы аурулар бөлімшесі пайдалануға берілсе, Арал ауданында жұқпалы аурулар бөлімшесі келер жылы ашылады. Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында халық санының артуы медициналық қызмет көрсететін ұйымдар қажеттілігін туындатып отыр. Осы орайда қаланың бұл бөлігінде құны 36,4 млрд теңге болатын 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Арал ауданында бос тұрған бұрынғы аудандық туберкулез диспансері «Қам­қорлық» балалар оңалту орталығы ретінде қайта жаңғыртылды. Жыл соңына қарай облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасында да осындай орталық ашылмақ.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»