Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда медициналық жоғары колледжінде «Мейіргер ісінде білім, ғылым және практиканың үштұғырлығы» жобасы аясында орта буын медицина қызметкерлері арасында «Үздік маман – 2022» конкурсы болып өтті.

Конкурсты облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Шаймбетов Жангелді Мырзагелдіұлы ашып беріп, денсаулықтың жаршысы, адам өмірінің қорғаушысы, науқастың дертіне дауа сыйлаушы, Гиппократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарып жүрген «Үздік маман» конкурсына қатысушы талапкерлерге кәсіптік байқауда сәттілік тілей отырып, «жүзден жүйрік, мыңнан озық» болуларына тілектестік білдірді.

«Сайыскерлердің портфолиумдарын бағалау», «практикалық дағдылардан өту» бойынша екі кезеңнен құралған конкурсқа мамандар белсене қатысты.

Конкурс жеңімпаздары мереке қарсаңында «Үздік мейіргер», «Үздік фельдшер», «Үздік акушер» номинациялары бойынша марапатталды. Олар «Үздік мейіргер» номинациясымен көпбейінді облыстық ауруханасы жоспарлы хирургия бөлімшесінің аға мейіргері Дүйсенбаева Эльмира Тойлыбекқызы, «Үздік акушер» номинациясымен облыстық перинаталдық орталығы босану бөлімінің акушері – Ағатаева Данагүл Әбдуалиқызы, «Үздік фельдшер» номинациясын облыстық жедел жәрдем стансасы Қазалы жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері Уксикбаев Руслан Алтынбекұлы иеленді.





