Арал тағдыры тек Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерді де алаңдатып келе жатқанына ондаған жылдар өтті. Өкінішке қарай ұлы теңіздің бағы тайғаны шындыққа айналған соң, мемлекет өткенге салауат, қалғанға берекет айтып, халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қолға ала бастаған болатын.
Мемлекеттік деңгейде жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан жауапты да, сауапты істерге теңізге тамған тамшыдай болса да үлесін қосуды азаматтық парызым деп санайтын жанашыр жандардың да еңбегін елеусіз қалдыруға болмас еді. Онсыз да экологиялық ахуалы дүниежүзілік деңгейде сараптама жүргізіліп дәлелденген Арал апат аймағындағы ерекше күтімді қажет ететін балаларды жан-жақты қолдау, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамту және тиісті дәрежеде сапалы біліммен сусындату маңызды бағыттардың бірі дейтін болсақ, бұл тұрғыда Арал ауданының ерекше бастаманы қолға алып жатқанын атап айтса, артық болмас еді. Дәйегімізге дәлел ретінде Арал қаласындағы «Мейірім» арнайы бөбекжай балабақшасын атап айтуға болады.
Аталған жобаны жеке кәсіпкер, Арал аудандық мәслихатының депутаты Ләйла Рахышқызы Мамитанова өз қаражаты есебінен жүзеге асырып, қазіргі таңда бөбекжай іші толығымен заманауи үлгіде жабдықталды. Жеке кәсіпкердің сөзінше, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған бұл балабақша тірек-қимыл бұзылысын қалпына келтіруге арналған спорттық құрал-жабдықтар, сонымен қатар арнайы тұз шахта және шунгит бөлмелері мен бассейн қарастырылған.
– Шынымды айтсам, осы жобаны қолға алу туралы ой маған аяқастынан, тосыннан келе қалған жоқ, – дейді Арал аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Ләйла Рахышқызы.
– 2018 жылы тағдырдың жазуымен отбасымызбен жол апатына ұшырадық. Жол-көлік оқиғасынан жолдасым, жүргізуші қаза болды да, кішкене балам екеуміз ауыр халде жылға жуық төсекке таңылып жаттық. Аяққа тұрудан күдер үзіп, мен балама, балам маған қарап жатқан сол сынақты күндердің бірінде: «Жаратушы ием, егер осыдан аяғымызға тұрып кететін күн туса, дәл осы біздің күйімізде жатқан бүлдіршіндердің жағдайын жеңілдетуге шамам келгенше қол ұшымды тигізуге күш салар едім» деп, өз-өзіме серт бергенмін.
Құдай оңдап өзіме-өзім келе бастаған соң, 2020 жылы 25 балаға инклюзивті аппараттарымен соңғы үлгіде жабдықталған тегін балабақша ашып бердім. Науқас балалары бар ата-аналардан көптеп өтініш түсе бастағаннан кейін, мемлекеттің көмегіне сүйеніп, қажетті инклюзивті құралдармен қамтылған 50 балаға арналған балабақшаның іске қосылуына күш жұмсадық. Тірек-қимыл бұзылысына душар болған балалар 30 минуттық бассейн емін қабылдаса, шунгит бөлмесі баланың иіс сезімін, иммунитетін қалпына келтіруге септігін тигізеді, ал демікпесі бар балаларды тұз бөлмесімен емдеу жолға қойылған. Ем қабылдаған балалардың ата-аналарының орталықтың нәтижелі жұмыстарына деген әлеуметтік желідегі ыстық ықыласын көрген көпшіліктің өтінішіне орай ғимаратты кеңейтіп, тағы 30 бала қабылдауға ниет етіп отырмыз. Жаңа нысан ашылған жағдайда, 30-дан астам маман қызметкер жұмыспен қамтылатын болады.
– «Мейірім» арнайы бөбекжай балабақшасының ашылуы – біз үшін, бауыр еті баласының дертіне дауа іздеп шырылдап жүрген аналар үшін жаңалық болып отыр, – дейді қала тұрғыны Гүлзат Абдиева.
– Орталық ең зәру, қажетті құралдармен қамтылған: тұзды шахта, шунгит бөлмесі, бассейн, логопед, түрлі массаждар. Балам ем қабылдағалы сөздік қоры молайып, жетектеуімізбен қадам баса бастады. Аллаға шүкір деймін! Енді жақында тағы бір керемет құрылғы-массаж тақтайшасы, күміс қолғап аппараты келіп көзайым болып жатырмыз. Мен осыған дейін күміс қолғап емін ақылы түрде алып, қыруар қаражатымды жұмсағанмын, енді мұны балабақшада тегін жасайтын болды! Осы орайда «Мейірім» балабақшасының ашылуына, оның әрі қарай қанат жаюына қолғабысын тигізіп, үлес қосқан Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлына, қала әкімі Батыржан Ұзақовқа, аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназароваға, сонымен қатар балабақшаның құрылтайшысы, туған жеріміздің жанашыры, кәсіпкер Ләйла Рахышқызына шын жүректен алғысымды білдіремін.
– Ләйла ханымның аудан орталығындағы жартылай өртеніп кеткен базарды кереметтей қылып қалпына келтіріп бергенге қуанып жүр едім, енді мына ерекше бүлдіршіндерге арнап бөбекжай балабақша салғаны үшін ата-аналардың алғыс сезімін білдірген лебіздерін көрдім. Жанашыр жанға Жаратқан ием еңбегін еселеп қайтарсын! – дейді ауданның тағы бір тұрғыны Мейрамкүл Елешова.
Әлеуметтік желіні қарап отырсаң, мұндай ізгі тілектерге көз сүрінеді екен. Ендеше экологиялық апат аймағындағы бүлдіршіндердің балғын жүзіне күлкі үйіріп, дерт тауқыметінің шипасына шарапатын тигізуді алдына мақсат етіп қойған кәсіпкердің алған бағытының баянды болуына біз де тілекші болайық.
Әлімжан ҚИЯС





