Мексикадағы президенттік сайлауда Клаудия Шейнбаум жеңіске жетті

313

0

Фото: agenzianova

Тарихта алғаш рет әйел адам Мексика президенті болады: жексенбіде өткен сайлауда экзит-полл қорытындысы бойынша Мехиконың бұрынғы мэрі және қазіргі президенттің протежесі Клаудия Шейнбаум сенімді түрде жеңіске жетуде, деп хабарлайды BBC.

Parametria компаниясы жүргізген экзит-полл көрсеткендей, сайлаушылардың 56 пайызы Клаудия Шейнбаумға, ал 30 пайызы оның басты қарсыласы – сенатор Ксочитль Гальвеске дауыс берген.

Еnkoll жүргізген экзит-полл ұқсас қорытынды көрсетті: Шейнбаум үшін 57,8% және Гальвес үшін 29,1%.

Мексиканың сайлау комиссиясы – Ұлттық сайлау институты алғашқы нәтижелерді жақын сағаттарда жариялауға уәде берді.

61 жастағы Клаудия Шейнбаумды президенттікке қазіргі президент Андрес Мануэль Лопес Обрадордың билеуші Moreno партиясын қоса алғанда, құрамына үш солшыл партия кіретін Sigamos Haciendo Historia («Тарихты жасауды жалғастырайық») коалициясы ұсынды.

Лопес Обрадордың өзі конституцияға сәйкес екінші мерзімге үміткер бола алмайды, сондықтан Шейнбаумды қолдады.

Мехико қаласында еврей отбасында өскен Шейнбаум алғаш рет физик ретінде танымал болды және 2007 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топтың мүшесі ретінде ұжымдық Нобель бейбітшілік сыйлығын алды.

2000 жылы сол кездегі Мехико қаласының мэрі Лопес Обрадор Шейнбаумды ел астанасының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі хатшысы етіп тағайындады, ал 2018 жылы ол президент сайлауында жеңіске жеткен Обрадордың орнына мэр болды.

Шеинбаум Лопес Обрадордың саясатын жалғастыруға және дамытуға уәде береді.

Оның сайлауалды бағдарламасының басты тармақтарының бірі – қылмыспен күрес. Мехико қаласының мэрі ретінде ол астанадағы кісі өлтіру деңгейін соңғы үш онжылдықтағы ең төменгі деңгейге дейін түсірді, бұл тәжірибені ол бүкіл елге таратуды жоспарлап отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<