«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету мақсатында жалпы білім беретін мектептердің асханаларына мониторинг жүргізді.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Н.Байқадамов, Атқарушы хатшы Л.Төрешова, облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Н.Бақытбекұлы, «Әкелер Одағы» облыстық филиалының төрағасы Е.Искендір қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін С.Толыбеков атындағы «№3 IT мектеп-лецейі, П.Осипенко атындағы №8 орта мектебі, Н.Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназиясы және Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейлерінің бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балаларының тамақтану сапасына зерделеу жасады.
Мониторинг барысында арнайы бекітілген мәзір бойынша ұсынылатын тағамдардың көбісі ішілмей қалғаны анықталып, бұл тұрғыда мектеп басшылығы мен асхананы жалға алушы кәсіпкерлерге тиімді ұсыныстар айтылды.
«Қазіргі таңда еліміздегі білім ошақтарында мектеп оқушылары ыстық тамақпен қамтылған. Көп балалы, аз қамтылған отбасы балаларына берілетін ыстық тамақтың сапасы мен құнарлылығына аса мән берілуі тиіс. Өйткені, бұл жасөспірімдердің денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан әр баланың жағдайына мән беріп қарап, аса жауапкершілікпен жұмыс жасауымыз керек» – деді партия филиалының төрағасы Н.Байқадамов.
Мониторинг жұмысы барысында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мектеп оқушыларына берілетін астың бекітілген стандарт бойынша жасақталуы партияның бақылауында болатыны ескертілді.
Жалпы қала бойынша 55 мектепте 5 санат бойынша 34608 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<