Мектепке хиджаб киюге рұқсат беріле ме – Білім министрлігі түсіндірді

1180

0

Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Каримова мектеп формасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сол себепті мектептер де зайырлы мекеме саналады. Мектеп формасы туралы 2016 жылғы бұйрық бар, ол күшін жойған жоқ. Біз біліммен қамтылмай қалуы мүмкін қыздарды оқу процесіне қосу туралы айтып отырмыз. Сондықтан бұл мәселені шешудің жолдары мен тетіктерін іздестіріп жатырмыз. Бұл жерде әңгіме хиджаб туралы болып отырған жоқ» дейді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, қазір түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Соның ішінде оларды өзіміздің отандық мектептерде онлайн оқыту мүмкіндігі және оларды оқу үдерісіне тарту бойынша басқа да ұсыныстар бар.

Ең бастысы, барлығын орта біліммен қамту. Бұл балалардың осы бөлігінің мектепте білім алуы үшін жасалып отыр.

«Тағы бір айтарым, қазіргі уақытта мектеп формасына қатысты бұйрық өз күшінде, ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Біз бүкіл баланы біліммен қамтамасыз етудің түрлі мүмкіндіктерін талқылаймыз. Бұл – эмоцияға беріліп шешілетін мәселе емес, қоғамда әртүрлі пікірлер бар екені рас. Ең алдымен балалардың мүддесі мен заңнамадағы нормаларды негізге алуымыз керек» дейді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Каримова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<