Кеше Шиелі ауданындағы «Руханият» орталығында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшесі Мархабат Жайымбетов және аумақтық коалиция өкілдері Мұрат Тұрабаев, Жібек Баймұратова, Болат Сүлейменов, Нұргүл Шалекеева, Патима Маханбет, Құттықыз Ыханова, Мадина Бәкірова, Нұрболат Пірімбет, Гүлдана Жақыпова, Айнұр Архабаева, Біржан Өтебай, Азамат Қали, Ержан Әбдешов, Бағдәулет Мәліков мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі бағыттар кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтау мәселелері талқыланды.
Спикерлер мәдениет саласының елдің рухани дамуы мен бірегейлігін нығайтудағы рөліне ерекше тоқталып, жаңа Ата Заң жобасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен мәдени мұраны қорғауға бағытталған нормалардың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру және ашықтық қағидаттарын нығайту мәселелері қозғалды.
Жиында Жалпыұлттық коалициясының мүшесі Мархабат Жайымбетов: «Жаңа Конституция жобасы – әділетті, ашық және жауапты мемлекет құруға бағытталған маңызды қадам. Ата Заң жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, заң үстемдігі қағидаты нақты айқындалған. Сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері конституциялық деңгейде бекітіліп отыр»- деп атап өтті.
Аумақтық коалиция мүшелері мәдениет саласы өкілдерінің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, рухани дамуы мықты ел ғана бәсекеге қабілетті болатынын айтты. Кездесу соңында мәдениет қызметкерлерін конституциялық реформаларды қолдауға, халыққа оның мән-маңызын түсіндіруге белсенді атсалысуға шақырды.
Жиын барысында мәдениет қызметкерлері өз ұсыныс – пікірлерін білдіріп, саланы дамытуға қатысты өзекті сұрақтарын қойды






