Қадірлі отандастар! Ораза айт мейрамы құтты болсын!
Татулық пен бауырмалдық, жақсылық пен игілік салтанат құратын осы қастерлі мерекенің барша мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша.
Рамазан айында имандылыққа, рухани тазаруға ұмтылған жұртымыз Айт күні ақ дастарқан жайып, қонақжайлық көрсетеді. Бір-біріне ізгі тілегін арнайды. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қамқорлық танытады. Сол арқылы адамгершілік құндылықтар қоғамымызда терең орныға түседі.
Ораза айт мерекесінің тағылымы ата салтымызбен терең сабақтасып жатыр. Біздің дініміз де, дәстүріміз де азаматтарды бірлік пен ынтымаққа үндейді, өзара сыйлас болуға шақырады. Осы қасиеттеріміз барда халқымыздың Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құру туралы арман-мұраты орындалатынына кәміл сенімдімін.
Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Әр шаңыраққа құт-береке дарысын!
Айт қабыл болсын, ағайын!
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ораза айт мерекесімен құттықтауы
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!
Бейбітшілік пен тыныштықты, өзара достықты дәріптейтін қасиетті Рамазан айы мен Ораза айттың ізгі қағидаттары адал еңбек етіп, адал табыс табу мақсатымен үндеседі.
Осынау рухани мерекенің адамгершілікке бастайтын құндылықтары мен жасампаз дәстүрлері ел бірлігін нығайтуға қызмет ете бермек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті мерекенің күллі мұсылман үшін орнын: «Халқымыздың салт-дәстүрі Ислам дінінің, Рамазан айының және Айт мейрамының ұлағатымен ұштасып жатыр. Бұл сабақтастық берекелі бірлігімізді нығайтып, әділетті қоғам құру жолында маңызды рөл атқарады» деп атап өткен болатын.
Ежелден адамгершілік, қайырымдылық, мейірімділік және рухани тазалыққа шақыратын Ораза айт мерекесі баршаңызға құтты болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Ораза айт қабыл болсын, ағайын!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<