Өз кәсібі арқылы аймағымыздың дамуына үлесін қосып жүрген кәсіпкерлерді таныстыру мақсатында #ӘрекеткеБерекет айдарын бастап, әр аптада жергілікті өнімдер жайында мәліметтермен бөлісетін боламыз.
Бүгінде Қызылорда қаласында кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, қызылордалық тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып келе жатқан жиһаз шығарушы цехтың бірі ЖК «Нұртөре».
2020 жылы ата кәсіпті қолға алған Нұрлыбек Есқалиев 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік бағдарламаның көмегімен, яғни «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 10 млн. теңгеге қолдау алып, цех тынысын кеңейтіп отыр. Кәсіпкер ол қаражатқа өндіріске қажетті жабдықтар сатып алып, жұмыс өнімділігін арттырды. Бүгінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Цехта үй мен кеңсеге, мектеп және басқа да ғимараттарға қажетті заманауи үлгідегі есіктер мен жақтаулардың, баспалдақтардың сан алуан түрі әзірленеді. Дайын болған өнімдер «Сығанақ» базарынан және Бәйтерек-3 тұрғын ауданы, 49 көше бойынан тұтынушыға жеткізіледі.
– Қазір мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие де, түрлі гранттар да берілуде. Бұл қолдауды тек тиімді пайдалана білу керек. Цехта әрбір материал сұраныс иесінің талабына сай дайындалады. Жиһаздарды дайындау барысында жергілікті өнімдерді пайдаланамыз. Мысалы, әйнек қызылордалық зауыттан шығарылса, есіктердің қаптамасын (упаковка) «Мүгедектер қоғамына» тапсырыс беріп, жасатудамыз. Осы іспетті, құрылыс жүргізіп жатқан мердігер мекемелерден қолдау күтеміз, – дейді «Нұртөре» ЖК-нің директоры Нұрлыбек Есқалиев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<