Мемлекеттік бағдарламалардың ауданда орындалу барысы қаралды

5

0

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы және «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Amanatnesie.kz» цифрлық платформасына жалпы құны 358,7 млн теңгені құрайтын 52 жоба енгізілді. Жобалар қатарында асыл тұқымды мал шаруашылығы, кілем жуу және жарнама қызметтері бар.

Өткен айда 64,4 млн теңгелік 11 жоба қаралып, оның 7-еуі қаржыландырылды. Мұнан бөлек, 165,4 млн теңгені құрайтын 22 жоба қаржыландырылу сатысында тұр. Сонымен қатар, 38 млн теңгелік 5 жоба бойынша құжаттар жинақталуда.

Жиында сондай-ақ, кент және ауылдық округтердегі көктемгі санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барысы қаралды.

Аудан әкімі сала басшыларына «Таза Қазақстан» бағдарламасын одан әрі сапалы жалғастыруды, елді мекендердегі тазалықты тұрақты бақылауда ұстауды, аяқсу арналарының аршу жұмыстарын уақытылы жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, ғимараттардың сыртқы келбетін ретке келтіру, ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті.

Жиын қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі