Мемлекеттік бағдарламаларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді

7

0

Фото: Сырдария ауданы әкімдігі

Ауданда кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында қаржы ұйымдарының қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған жұмыс тобы елді мекендерде тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Жұмыс тобының құрамында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының өкілдері бар.

Кездесулер барысында «Микробизнес-Қызылорда», «Кең дала», «Ауыл аманаты» бағдарламалары туралы кеңінен түсіндірілді.

«Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шағын және микробизнес өкілдерін қолдауға бағытталған. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге төмен пайызбен жеңілдетілген несие беру арқылы өз ісін ашуға немесе қолданыстағы кәсібін кеңейтуге мүмкіндік жасалады.

«Кең дала» бағдарламасы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған. Бұл бағдарлама арқылы егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға маусымдық жұмыстарды жүргізу үшін жеңілдетілген несие ұсынылады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында ауыл халқы мал өсіру, егін егу, шағын өндіріс пен қызмет көрсету салаларын дамытуға қаржылай қолдау ала алады.

Тұрғындар мен кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға сала мамандары тарапынан нақты жауаптар беріліп, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану жолдары бойынша тиісті кеңестер ұсынылды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі