Бүгін ауданымызда мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында аудан әкімінің кубогына арналған волейбол жарысы өтті. Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, командаларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығын атап өтті.
– Аудан әкімінің кубогына ауданымыздың әр мекемесінен жиналған мықты командалар қатысып отыр. Бұл – Қармақшы ауданының ұйымшылдығы мен белсенділігінің айқын көрінісі. Сіздерге жоғары көңіл-күй, әділ ойын, ерекше жарыс тілеймін. Барлықтарыңызға сәттілік серік болсын, – деді өз сөзінде.
Жалпы сайысқа 8 команда, 100-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысып, өзара бақ сынады. Тартысты өткен ойынның нәтижесінде ІІІ орынды – «Мәдениет саласы» командасы, ІІ орынды – «Білім саласы» командасы иеленсе, І орынды – «Денсаулық қызметі» командасы үздік шығып, жеңімпаз атанды.
Жүлдегер командалар аудан әкімінің арнайы дипломдарымен, медальдарымен және кубогымен марапатталды. Сонымен қатар ойын барысында ерекше көзге түскен үздік спортшыларға да арнайы марапаттар табысталды.
Салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты одан әрі дамыту мақсатында ұйымдастырылған бұл сайыс алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетін болады.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі






