«Мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергі жоқ»

1626

0

Елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жобасы іске қосылған болатын. Енді органдардағы бос орындарға орналасу үшін үміткерлер өтініштерін «E-қызмет» порталы арқылы онлайн жібере алады. Бұрынғыдай сағаттап кезек күтіп, құжат тасып сандалып жүрмейді. Саладағы жаңа өзгерістер туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Ерлеген Мендалиевпен әңгімелескен едік.

– Ерлеген Жәрдемұлы, қай уақытта да мемле­кеттік қызметшілерге қойылатын талап жоғары. Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей осы сала қызметкерлеріне байланысты. Ол биліктің бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Сондықтан билік пен халық арасында  дәнекер болып жүрген мамандардың жауапкершілік жүгі де ауыр.  Дегенмен кейінгі кезде салада жаңа өзгерістер бар секілді…

– Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгерістер мен толықтыру­лар енгізілді. Мәселен, қызметке кiру, біліктілік талаптары, «Б» корпусының лауазымдарына қызметке алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу, олардың жұмысын бағалауға қатысты баптарына енді. Соның нәтижесінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстық рәсімдерді өткізбестен тағайындалу құқығы бар тұлғалардың шеңбері кеңейтіліп, мемлекеттік қызметке кіру шарттары біршама жеңілдеді. Заң қолданысқа енгеннен бері мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын аяқтаған, оқуды 3,33 GPA нәтижесімен бітірген үздік түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелерінің келісуі бойынша конкурстық іріктеусіз тікелей 20 түлек тағайындалды.

Осы жылдың басынан бері мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын үздік бітірген 8 жас түлек сол мүмкіндікті пайдаланып, уәкілетті органның келісімімен аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз қызметке тағайындалғанын атап өткен жөн.

– Иә, бұл жастарға берілген мүм­кіндік екен. Алайда, ақылы негізде оқыған студенттер де бар емес пе? Олар мұндай жеңілдікті пайдалана ала ма?

– 2023 жылдың 1 наурызынан бастап мем­лекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі пилоттық режимде сынақтан өткізіле бастады. Енді биыл шілдеден бастап бұл өңіріміздегі жергілікті атқарушы органда жүзеге асырылуда. Осы ретте, ақылы негізде ЖОО-ын аяқтаған студенттер, жалпы мемлекеттік қызметке кіруге ынта білдірген әрбір азамат «Е-қызмет» порталында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмімен жұмыс жасай алады. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге белгіленген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік береді. «Е-қызмет» жүйесі барлық негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Үміткер туралы өзге ақпараттық жүйелерден ақпарат алу, оның соттылығын немесе өзге де құқықбұзушылықтарға қатыс­тылығын тексеру, біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау – мұның бәрін жүйе автоматты түрде өзі жасайды. Конкурс ықпалдастырылған ақпараттық жүйенің «eqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет-порталында жүзеге асырылады, яғни ешқандай тікелей байланыссыз онлайн түрде жүргізіледі. Конкурсқа қатысу үшін үміткерге интернет, компьютер және веб-камерасының болуы жеткілікті. Осы құрылғыларды пайдалана отырып, жеке сәйкес­тендіру нөмірін және ЭЦҚ енгізу арқылы жүйеде тіркеледі және конкурсқа қатыса алады. Тағы бір айта кетерлігі, үміткер туралы ақпарат жасырын болады.

Тестілеуде 55 минут ішінде  нормативтік құқықтық актілер бойынша 55 сұрақтың кемінде 30-на, әрбір нормативтік-құқықтық акт бойынша кемінде 5 дұрыс жауап беру керек. 

– Тестілеудің талаптары бұзылған жағдайда не шара қолданылады?

– Бір жұмыс күні ішінде тестілеуден өту кезін­де прокторинг арқылы тіркелген бұзушы­лықтың тізімі жасалып, оны жеке кабинетіне жібереді. Бұл ретте тестілеу нәтижелері автоматты түрде жойылады. Жалпы конкурсқа қатысу үшін үміткер жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден өтеді. Ол 13 құзыреттілік бойынша жүзеге асырылады. Әр құзыреттілікке 10 тапсырма беріледі. Жеке қасиеттерді бағалау сонымен қатар сенімділік деңгейін анықтауға арналған сұрақ­тарды қамтиды. Конкурс кезеңдерінен өту кезіндегі барлық жазылған бейнежазба прок­тор­лардың, яғни белгіленген тексеруші адамдардың бақы­лауы­нан өтіп, егер бұзушылықтар анықталып, ереже бұзылған жағдайда келесі кезеңге жіберіл­мейді.

Әңгімелесу сатысына өткен үміткерлер онлайн түрде қатысады. Конкурс комиссиясының мүшелері жүйе таңдаған адамдардан тұрады, яғни бір-бірін танымайтын мүшелерден құралады. Айта кету керек, проктор-тексерушілер қатысу­шылардың кім және қайдан екені туралы бейхабар болады. Себебі, кандидаттардың деректері көр­сетілмей, тек арнайы код беріліп, иесіздендіріледі. Комиссия мүшелері үміткерлерді 1 мен 3 балл арасында бағалайды. Нәтижесінде барлық кезеңнен өткен үміткерлердің орташа балы шығады және ең көп балл жинаған үміткерді «Е-қызмет» жүйесі автоматты түрде конкурс жеңімпазы деп таниды. Қазіргі таңда республика бойынша бірқатар мемлекеттік органда 1000-нан астам конкурс осы жүйе арқылы өткізіліп, нәтижесін көрсетті. Жаңа жүйенің артықшылығы мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жойып, бюрократиядан арылтып, талапты жастардың мемлекеттік қызметке келуіне өз септігін тигізеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»