
Мемлекеттік қызмет жүйесіне енгізілетін жаңа өзгерістерден көп нәтиже күтуге болады. Мәселен, қызмет баспалдағынан өткен мемлекеттік қызметші ғана шешім қабылдауда шалыс баспайды. Осы орайда мемлекеттік қызметшінің жалақысын оның атқарған жұмысы мен қабілетіне қарай өсіру жүйеленуде. Бұл да қызметтік сапаны арттырудың бір тиімді тәсілі. Ендігі жерде мемлекеттік қызметші жылдық жеке жоспарын тыңғылықты әрі тиянақты орындаса, мемлекеттік орган стратегиялық жоспарды абыроймен алып шықса, жетімсіз жалақы өткен күннің үлесінде қалмақ. Сондай-ақ, 100 нақты қадаммен нақтыланған Ұлт жоспарындағы мемлекеттік қызметкердің мансаптық моделіне көшу туралы мәселені дұрыс шешім деп ойлаймын. Әлемдік тәжірибеде континетальды Еуропа елдерінде мансаптық модель – кәсіби, мамандандырылған, тереңдетілген мемлекеттік қызметкерді даярлауға бет бұрған модель. Бұл адамның әуел баста-ақ мемлекеттік қызметкер боламын, кәсібім де, мансабым да осы салада өрбиді деген шешіміне сәйкес қадам. Оқу орнын бітіріп, мемлекеттік қызметке кіру моделі әскери жүйеден шыққан. Мемлекеттік қызметтегі мансаптық модель де осыған ұқсас. Демек, мемлекеттік қызметке кірген адамның өсуі жүйелі түрде жүзеге асады. Қызметкер саты-сатының бойымен саяси лауазымға да жетеді. Бұл модельдің ұтымды тұсы адам талабын, өмірін, бүкіл ішкі дүниесін мемлекеттік қызметке арнауында жатыр. Соңғы уақытта тәжірибесі жоқ жастардың бірден жоғары лауазымға келуі қатты сынға ұшырап жүргенін білеміз. Осы мансаптық модельде мұндай мәселе болмайды. Жоғары лауазымға келемін деген адамның мемлекеттік қызметтің бүкіл сатысынан өтіп, тәжірибе жинап, пісіп келуін өте орынды бетбұрыс дер едім. Өйткені, мемлекеттік басқарудың ролі қоғамды басқару мен экономиканы дамытуда аса маңызды екенін естен шығармаған абзал.
Әрине, мемлекеттік қызметтің мықтылығы сол, қызметкерлерді басқару қызметінің дәрежесімен өлшенеді. Мемлекеттік басқару академиясының «Қызметкерлерді басқару» деген жаңа мамандықты енгізуі – жаңалық. Осы мамандықты оқыған азаматтар мемлекеттік қызметкерлерді іріктеп, олардың мансаптық өсу жолын жоспарлау сияқты қызметтерді атқарады. Демек, олар өз кәсібінің нағыз шебері болуы қажет. Біз осы үдеден шығу бағытында еңбек етудеміз.
М.ӘЛІП,
облыстық мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының
бөлім басшысы.