Мемлекеттік қызметші этикасы түсіндірілді

747

0

Мемлекеттік қызметші этикасы түсіндірілді Қызылордада мемлекеттік қызметшінің ұжымдағы өзара қарым-қатынас мәдениетін және құқықтық сауаттылығын арттыру, әдептілік мінез-құлқын және кәсіби имиджін көтеру мақсатында оқу семинары өтті.

Елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу бағытындағы мін­деттер белгіленген «100 нақты қа­дам» Ұлт Жоспарын жүзеге асы­ру үшін білікті де білімді, түрлі қиыншылықтарға  төтеп бере алатын, адал да әділ қызмет атқаратын кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың тиімділігі мол.  «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында қызмет этикасына қатысты талаптар айтарлықтай күшейтіле түсті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимов семинар барысында баяндады.

– Әдеп нормаларын бұзған мем­лекеттік қызметшіні жазалауӨдан гөрі оның алдын алудың тиімділігі айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты озық елдердің – Канада, Ұлыбритания, Австралия, Ирландияның тәжірибесі бойынша орталық және облыстық деңгейде әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Мемлекеттік қызметші қай кезде моральдық-этикалық талаптарды сақтауға міндетті. Алайда, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің қызмет аясында түрлі кедергілер мен ұжым арасында түсініспеушіліктері көрініс алады. Бұл ретте ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруда Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің рөлі зор, – деді А.Мұхимов.

Әдеп жөніндегі уәкіл мем­ле­­кеттік қызметшілердің қыз­мет барысында туындайтын түсініспеушіліктер мен ке­­дер­гілерін, мүдделер қақтығысын шешіп, заң аясында көмек беріп, ұжым­дық ортаны дұрыс қалып­тастыруы тиіс. Департамент басшысы Абзал Сансызбайұлының айтуынша, сол себепті бұл қызметке тәжірибесі мол, іскерлік, адамдармен тіл табысу қабілеті жоғары, қоғамдық ортада өзін ұстай білетін, қоғаммен байланыс жасап, жан-жақты мәселелерді реттей білетін тұлғаны сайлайды.

Семинар барысында облыстық ішкі саясат басқармасының өңір­лік коммуникациялар қызметі орталығының директоры Гүлжан Омарова «БАҚ-пен жұмыс және брифинг, сұхбат беру технологиясы» тақырыбында баяндады.

– Қазіргі таңда сағат емес, сәт сайын жаңаланып отыратын ақпарат ағынын тоқтату мүмкін емес. Қоғамда болған кез келген оқиға, жаңалық елдің көз алдында тұр. Сондықтан ақпараттық технологиялардың дамыған кезеңі бізден әбжілдікпен қатар шынайы­лықты талап етеді. Әсіресе, мем­лекеттік органдар тарапынан шынайы, ресми, тексерілген ақпарат алу журналистер үшін аса маңызды. Бұл ретте сол органдардың БАҚ өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі болғаны абзал, – деді Г.Омарова.

Биыл агенттікпен мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмы­сында қолдануға қолайлы Әдеп кодексінің қойын кітапшасы Pocketbook енгізілді. Онда мемлекеттік қызметшілердің қыз­мет­тік қарым-қатынаста, азаматтармен байланыста, жұмыстан тыс уақытта қандай мінез-құлық таныту керектігі, сондай-ақ, әлеу­меттік желіні пайдалану, БАҚ-тарда сөз сөйлеу сынды мәселелер қамтылған. Бұл туралы мемлекеттік қызметшілер семинар барысында танысты.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<