Мемсатып алу арқылы 13 млн теңгенің сыйлығы алынбақ болған

529

0

Алматы облысында мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы 13 млн теңгеге сыйлық жиынтығы сатып алынбақ болған. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аталмыш өңір бойынша департаменті оның жолын кескен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің онлайн-брифингі өтті. Оның барысында мәлім етілгендей, соңғы 4 жылда Қазақстанда мемлекеттік сатып алу көлемі екі есеге ұлғайған: 2017 жыды – 3,3 трлн теңге, 2018 жылы – 3,9 трлн теңге, 2019 жылы – 4,4 трлн теңге, 2020 жылы – 6,6 трлн теңге. Бұл салада жемқорлық қылмыстары санының айтарлықтай төмендегені байқалып отыр: 2017 жылы – 316, 2018 жылы – 369, 2019 жылы – 310, 2020 жылы – 283. Егер Қаржы министрлігінің уәкілетті органдарына мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің дұрыстығын бағалау жүктелсе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сатып алу бағаларының негізділігіне талдау жасайды. Осындай фактілер анықталған жағдайда бағаларды нарықтық бағаға сәйкестендіру туралы ұсынысхат жолданады.

Мәселен, Алматы облысында 13 млн теңгеге сыйлық жиынтықтарын сатып алудың жолы кесілді. Тағы бір мысал, Батыс Қазақстан облысындағы аудандардың бірінде көпбалалы отбасыға тұрғын үй сатып алу үшін ауданы 40-тан 60 шаршы метрге дейінгі пәтерді 30 млн теңгеге сатып алу жоспарланған.

Агенттіктің аумақтық департаменті аудандағы жылжымайтын мүлік нарығын зерттеп, сатып алуды қайта қарау туралы ұсыныс жасады. Нәтижесінде, осы аудандағы ауылдық жерлердегі тұрғын үй құнын ескере отырып, сол 30 млн теңге шегінде көпбалалы отбасылар үшін 6 пәтер сатып алынды. Ал Павлодар облысы әкімшілерінің бірі нарықтық баға бойынша 39 мың телефон аппаратын сатып алуды жоспарлаған.

Департаменттің әрекет етуінен кейін сатып алу тоқтатылған. Осылайша, аумақтық департаменттердің, агенттіктің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен күш-жігерінің арқасында 2020 жылы 22 млрд теңге мөлшеріндегі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына төтеп беруге мүмкін болған. Ал биылғы екі айдың өзінде үнемдеу 6,7 млрд теңгені құрады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<