Мен ауылдың ұлымын

663

0

Малсақ қазақ мал 

бауыздай алмай жүр

– Осы Кішкене қой қашан “қашты”? – деді үйдегі інім Ерқанат маған қарап. Шаңырақта жасаған арнайы құдайы жолына нағашым Кішкене берген сұр тоқтыны біз осылай атап кет­кенбіз. Оның үстіне, ауылдағы ағайын қуанышқа да, қайғыға да мал атайтыны бұрыннан белгілі дүние.

– Ағұстың (август) басында шығар.

– Аа, февральдің басына барады екен ғой, – деді малсақ інім саусағын бүгіп, ай санап болған соң.

Иә, қойдың алты айдан кейін қоздайтынын есепке алған соң, ауылдағы қазақ буаз саулықты бөлек қамайды. Әйтпесе, мүйізі серейген, жағал ешкілер алдындағы жантақты қызғанып, буаз қойдың бүйірінен шегініп кеп, екпінмен соқса, момын байғұстың іш тастауы бек мүмкін.

Бүгін-ертең қоздайды деген қойды түнімен аңду да бір қиямет. “Айы-күні” сақылдаған сары аязға тап кеп тұрса, амалың жоқ, қарамасқа болмайды. Жаңа туған қозыны енесі қанша жалап кептіргенмен, түнгі аяз оны да қақитып қатырып тастар еді. Мұндайда түнде туған қозыны ауыздандыра салысымен үйге әкелесің. Ол жылы жерге кірісімен маңырап, азан-қазан етеді.

Екінші жұмыс, “шу аңду” деп аталады. Шудың не екенін ауылда мал арасында өскен ұлдың бәрі түсінеді. Туған малдың “шуы” түсіп, дер кезінде айырмен қақшып алмасаң, өз шуын өзі жеп қоятыны бар. Мұндайда “сүті қашады” деп ырымдайтын ауыл қазағы түскен шуды бірден құртуға тырысады.

Жалпы, жандының ішінде ұрғашы атаулы тез жетіледі емес па?! Қозы да, лақ та, бұзау да сондай. Жалмаңдап енесінің желінін іздеп, ертеңіне-ақ шапқылап кетеді. Еркек мал, ол шіркіннің, мойны сылқылдап, өзің жәрдемдеспесең, аяққа тұруы қиындау ғой. Қазақ біліп айтады, ұлдан гөрі қыздың ерте бой түзейтіні рас. Сен ойланам дегенше, олар сезініп үлгереді.

Үйдегі кіші ұлдың қай қойдың қай айда қоздайтынын, қай ешкінің қашан “қашқанын” бір есепке алды. Одан соң тұмсалардың “ай-күнін” болжады. Сиырларды да солай. Мұндайда демалысқа келген маған да тыным таптырмай, жұмсап та үлгереді.

Айтпақшы, “тұмса” сөзі ең алғаш туатын ұсақ мал не ірі қараға айтылатын сөз. Тіпті, жаңа түскен келіннің үш-төрт айдан соң “ішінде көже бары” білінсе, “әй, мына келін тұмса ғой, түнде жалғыз сыртқа шығармаңдар” деп сыбырласқан үлкендердің сөзін сіз де естіген боларсыз.

Қолындағы бір-жар қарасының күтіміне қарайтын ауыл адамдары осылай тіршілік етеді. Десек те, бізде оның көбею уақытын болжамақ түгілі, мал түсін ажырата алмайтын жас буын да өсіп келеді. Ол түк емес болса, мал бауыздау білмейтін ұлдар барын қайда қоясыз?! Бауыздауды қойшы, пышақ қайрай білмейтін кейбір жігітті көргенде қаның басыңа шабады. Қой сойғанда жаныңа «көмектес» деп шақырған жігіттің (жігіт деп айтудың өзі қалай болар екен?) бауыздау кезіндегі қанды көріп, құты қашқанын да көргенбіз. Ол қойды аяса, мен оны аядым. Құдай сақтасын, алда-жалда бір жағдай болса, «елді қорғайды-ау» деген сенімді өз басым мұндайларға мүлде таңа алмас ем.

Өтірік емес, сіз бен бізге белгілі жайттың бірі мынау. Осы Құрбан айттың кезінде қойын жетектеп қасапшының алдында көп еркек тұрады. Олардың көбісі қырықтың қырқасына әлдеқашан шыққан. Қой соя білмейтін қазақ жігіті көбейіп барады…

Сыйластықтың бір 

шыңы – ат тергеу

Елден көрген бір оқиға еді бұл. Ауылдан Қазалыға “пазик” автобуспен шоқытып ке­­леміз. Қай шофер екенін кім біліпті, әйтеуір, ауданға жақын­дағанда, балалы әйел қол көтерді. Салдыр-гүлдір етіп біз де тоқтай қалдық. Баласымен жүгіре жет­кен ке­ліншек “сәлем бердікті” бір ызғытты да, “Кәрмәкістің авто­бусы ма?” деп салды. Иә дестік. Айт­пақшы, Кәрмәкіс – Карл Маркс. Қа­зіргі Бекарыстан би ауылы. Содан әлгі келіншек сөй­лей бастады.

– Ауылдан Нұргүл тәте ақша беріп жіберу керек еді?! – деді шоферға.

– Қандай Нұргүл?

– Сол сіздің ауылдағы.

– Ол қайсысы тағы? Кімнің қатыны? Енді ана келіншек састы. Соған қарағанда қайын ағасы не атасы болуы керек. Дереу ұлына қарап:

– Тәкөнай, ақ көкеңнің атын айта қойшы. 3-4 жастағы бала қапелімде не айтсын?! Көзі бағжаң етті де, желбіреген танауын зырқ еткізіп бір тартып қойды. Демек, ақ көкесі – қайнағасы деген сөз.

– Әй, айтсай. Бала да ұмытқан болу керек. Ышқырын бір көтергені болмаса, үндемеді. Енді автобустағылар шулай бастадық.

– Әй, айта берші, атаң болсын, қайын ағаң болсын…

– Сонша керілгені несі?!

– Бол енді, уақыт созбай.

Нәті мықты екен мына келіннің. Айтпады. Шофер қасарысып ол тұр.

– Кім ол?

Келіншектің мұрны терши бастады. Сонда да қайын аға­сының атын атамай тұр. Енді автобустың ішіндегі бір топ қатын жұмбақты табуға кірісті. Ананы айтты, мынаны айтты.

– Тұқымың көбейгір, Баубектің үйіндегі ме Нұргүлің?

– Иә, – деп қалды қатты қуан­ған келіншек.

– Байғұс-ай, қайнағаңның атын айтпаймын деп, ақшадан айы­рыла жаздадың-ау…

– Өий, – деп бір шырт түкірді шофер да. Ақшасын беріп, біз де жөнелдік. Қайын жұртын қадірлей білетін келіннің қазақта болғанына шүкір дедім мен іштей.

Расымен, халқымызда үлкенді сыйлау, кішіні құрметттеу жолында тәрбиелік маңызға ие салт-дәстүр жетерлік. Соның бірі – ат тергеу. Ұлтымыздың ешкімге ұқсамайтыны да осыдан. Әйел-аналарымыздың келін боп түскен уақытынан бастап, бұл дүниеден көшкенше атасы мен енесінің, қайын аға мен қайын іні, кайын апа мен қайын сіңлісін өз атымен атамай, лайықты есім қоя білуі – адам сыйлай білетінінің, кішіпейілділік пен ізеттіліктің, көргенділіктің ең биік көрінісі деп айтсақ, артық емес.

– Балам, атам аттастың үйін­дегі келін ауырып қапты. Барып көріп келмесем болмас, – деді дәрігер болып істейтін менің шешем. Бірден түсіндім, ауылдағы  Жалғастың келіншегінің айы-күні жетіп отырған. Енді бірде  менен бақандай бес жас кіші, көрші Жалғас бала келсе де, «Жәкем, халің қалай, жоғарыла», – деп дастарханға шақырар еді. Бұл жерде Жалғас деп отырғаным –әулет үлкені, шешемнің қайын атасы.

– Келін аяқ-қолын бауырына алып, «бәлінсәдан» шығыпты, сол үйге кеттім, – деді бірде жеңгем босанып келген  жақын келінінің жағдайын білуге аттанарда. 

– Қай келін еді ол? – деді ағам түкке түсінбей.

– «Кәсемсот» қайнымның үйін­дегі. Мұндайда қай қайнысы еке­нін өзің де білесің. “К-700” трак­торын айдайтын Айбек ағам­ды айтып отыр.

Қазір елде ат тергеу бар ма? Қаймағы бұзылмаған ауыл жұртында да заман  құндылықтары қат-қабат ауысып, уақыт алға жылжыған сайын біраз тәрбие мен дәстүрді ұмыттырып жіберді. Қайын інісі мен қайын сіңлісінен бөлек, қайнаға-абысынды сырты­нан дүңк еткізіп, атын атап, көзбе-көз көргенде “аға-жеңге” деуден аспайтын келінің мен жас жеңгелерің толып-ақ жүр. Бәріне бірдей жала жабуға бол­мас. Салт-сананы бойына мең­герген кей жеңгелер толық бол­маса да, бұрынғының ізімен “ерке бала”, “мырза жігіт”, “төрем”, “ақылдым”, “еркежан”, «мырзаға”, т.б. теңеулер тауып, дәстүрді түгендеп жүр. Әйткен­мен, көп жеңгелер “әй, қыз” бен “әй, сен бала” деген қаратпа сөзбен-ақ діңкеңді құртып тұр. Әзілдеп немесе бұрмалап болса да ат қоюда кей ауылдық жерде болмаса, қалалық жеңгелерді бұл жағынан сөге де алмайсыз. Үлкеніне сіз деп сызылып, бас­тысы, атын атамаса болды, “ат тергеу” деген ата салттан алыстау жүргені көп.

Айтпақшы, алыстан мені көрсе жасы үлкен болса да, жолымды кеспей, күтіп тұратын жеңгелерім жоқ емес. Иінағашпен су толы шелек иығына батса да тапжылмай тұрады. Қияңқылыққа басып, жай жүрсең де, сол орнынан қозғалмайтын. Балалықпен бұ­нысы несі дейтін едім, кейін ойласам, елдегі дәстүрге сай, келешек шаңырақ иесі, апталдай азамат деп арқа тұтып, алдымнан кесе өтпеуінің өзінде  мағыналы тәрбие тұнып тұр екен ғой.

Үлгі алуға болатын ұятты жеңгелер жоқ емес деп жоғарыда айттым. Бірақ аз.  Дәстүрі мен салтын өз шама-шарқынша ұстап, жан-жағына шуақ төгер жеңге де, жеңге болуға асығып жүрген кей бойжеткен де ата салтты ардақтаса, ұлт құндылығының ұлғайғаны, тәрбиенің тасада қал­мағаны деп білеміз.

Ол той бүгінгіден 

өзгерек…

Көпшілік тілекті адамға білдіреді емес пе?! Оның үстіне шаңыраққа қарап ізгілікке толы сөз айтса, құба-құп. Бұл өзі неден шығып еді?! Тоқтаңыз.

Бала күніміздегі ауылдағы тойларды еске алып көрейікші. Көрші аға үйленіп жатыр. Түн­де ғана құрдастары көрші Қара­тереңнен “Урал” мотоцикліне са­лып, қашып әкелген жеңгейді тек беташарға дейін көре қою қиын. Ауыл тойындағы қызықтарды айтсақ деп едік.

Мұндайда жақсы хабарды естіген ет жақындары мен көр­шілері шатыр құруға кіріседі. Шіркін, ауылдағы шатыр (палатка) ішіндегі той. Үйдегі оюлы киіз бен кілемді ішіне жағалай тұтып, жетпегенін көршіден әкелесің. Олар да тартынбайды. Барын береді. Төрдегі жас жұбайлар отыратын түкті кілемге ақ мақ­тамен әсемдеп атын жазып, мойны иілген аққуды әп-сәтте бейнелеп тастайсың. Бұндайды мектеп бітіруге жақын қалған қыздар, бойжеткендер атқаратын.

Айтпақшы, елде темір қазан-ошақ, титан кімнің үйінде тұратынын жатқа білесің. Олар да “бермеймін” демейді. Бермесе, ұят болатынын біледі. Тойдағы қазан-қазан ет осылай асылады. Тойға деген сойыс мал да бір ағайынның осы қуанышқа атағаны болуы мүмкін. Өйткені, аяқ астынан үйленген ағаңның үйі семіз малды бірден таба қоюы қиын болар еді.

Сондай-ақ, тойға керек ыдыс-аяқ оң және сол жағыңдағы қатар тұрған үш көршіден жиналады. Әйтпесе, сенің үйіңде бір ауылға жететін ыдыс, самаурын, ет пен сорпаға табақ табылуы екіталай, тіпті жоқ десе де болады. Міне, ауыл жұртының ауызбіршілігі.

Есіңде ме, зыр жүгіріп бауыр­сақ тасығаның. Болмаса, қора үстінен сыпырық түсіріп, қатқан қайыстай жеңгеңнің қасында от жағуға көмектескенің. Қап-қап қамырды қоралы келіншек жинала илеп, бауырсақты тау қып үюші еді ғой. Басқа аймақты қайдам, біздегі ауыл тойында ер адамдар қазан асады. Табаққа жіліктегенде солай. Әйелдер тек қамыр салып, тұздығын дайындауға ғана керек.

Ол да бір өткен қызық шығар. “Ямаха” мен видикке (видеокамера) түсіру сол кезгі сән, бүгінгі тілмен айтқанда хит еді. Кішкентайлардың камера алдына ыржалаңдай күліп, ышқырын көтере қашқаны. “Ямаханы” сүйемелдей тартқан Патиханның Сабырының жанында тұрып, “аяй, ай, ай, Ақсәулеееем!” деп Өктем Алтаевтың сол кезгі әсем әуендеріне елтігенің. Осының бәрі көз алдымда. Еш жасандылық жоқ. Жанды дауыстағы әнге жарыса билеп, жақындарыңмен мәре-сәре боласың.

Ооо, міне, той да басталды. Жар-жар ойналды. “Қызымызға алтын сепішкі, күйеу баламызға алтын сағат” дейтін тілектер ағыла бастаған кез. Қыздыкі алтын шығар, алтын сағат таққан сол кезгі күйеу көрмедім өз басым. Оған ренжігендер де болмайды. Тойға келгендер барын осылай беретін. Ақша беру болмапты. Жарға ілінер сағат, люстра, стакан, т.с.с. Пейілдері сондай кең еді ғой. Барымен базар қылатын. Бүгінгідей бәсекелестік атымен жоқ.

Өзің кішкентайсың. Жастар шатыр ішіне жайғасқанда, со­лардан өзіңнің туыс ағаң не тә­теңді тауып аласың. Сөйттің-дағы да, әурелеуге кірістің. Шатырдың әлдебір жыртығынан небір тәт­тілер мен алмаларды сол кісі арқылы асқазанға еркін айдай бастайсың. Кей-кейде пластик бөтелкеде дайындалған “Юпи” ішу де бұйырып қалады. Айтсаң, ертегі сияқты. Бүгінгі тойдағы балаға мұның бірі де таңсық емес. Өйткені, бәрі бар. Тойда балаң тыныш отырсын десең, қолына ұялыңды ұстата ғой. Өзің де тыныш, бала да алаңсыз отырады.

Гулянка дейсіз бе?! Ол да өтетін. Бүгінгідей пәлен сомға қымбат көлікпен жастар шеруін жасау қайда?! Ауылдағы ең тәуір “УАЗ” не “Жигулидің” бензин пұлын беріп, онысын табылған қызылды-жасылды шүберекпен әсемдейтін. Айтпақшы, сондай басты көліктің алдында семіз қуыршақ қызды отырғызып қоюшы еді ғой. Қалғаны аралас кете береді. “НИВА”, “Урал”, “Планета-4”, “Т-40”, (ауылда ты­қырық дей салады) “ГАЗ-53” машинаң, тіпті, итіңе дейін қо­сылып, ауылды азан-қазан етіп аралап келесің. Мұндайда біз секілді қара сирақтар үйдегі бұзау тартып жүрген арқанды ұрлап шығып, жас келін мінген маши­наның алдына кесе-көлденең тарта қоямыз. Салт бойынша, олар тоқтап, бізге тиын-тебен не тәтті беру тиіс. Осындай да қызық өткені бар.

Ауылда ру-ру болып емес, тойға бәрі шақырылатын. Жетпеген дүниені ауылдастар арқылы жинайтынын жоғарыда айттым ғой. “Жаңа құдалар” алдындағы абыройлы міндетті бүкіл ауыл осылай бірлесе атқаратын.

Бүгінде ауылда той сирек. Жоқ емес, бірақ бәрі аудандағы ресторанға ағылады. Жұрттан қалмау деген үрдіс бар ғой бізде. Тіпті, келіннің бетін ашу да мейрамханада жүргізілетін болған. Ау, сонда қарашаңыраққа айтылар ақ бата, тілек-лебіздер кәне?! Кейде маған тойдағы айтылған жақсы сөздің бәрі сол мейрамхана ішінде қалып қойғандай болып көрінеді де тұрады.

Ауыл тойына барғым кеп жүр.

Көмек немесе мен 

қатысқан майдан

– Әй, тұрсаңшы, күн тал түс болды. Шешемнің тал түсі таңғы сағат 4 жарымның кезі шығар.

– Пішенге бармайтын ба едің?! Түнімен жортып, көне ауыл мен жаңа ауыл арасында не істейсіңдер осы? Күндіз мен жұмсасам, солай қарай баспас едің. Тұр енді, шөбіңе бар. Қыстыгүні не бермексің, сиыр мен жандыққа, газет оқытып қоймақсың ба?!

Шешемнің оятуы орынды, таңғы салқынмен, ыстыққа ұрынбай, тірлігін бітірсін дегені. Оны түсінетін бұл пақырың көшеден дәл соның алдында он минут бұрын келген шығар-ау.

Жаздың соңғы айларының таңы осылай басталушы еді. Кейде сол кездері түнімен дедектеп,  ел көшіре шулайтын қатарластардың “шөп” деген соғысқа қатыспағаны аз шығар. Иә, мезгіліне қол орақпен 50 бау салмасаң, сені жігіт деп айта қоюы қиындау. Тіпті, ұлдардан қалыспай, кей үйден қыздар да пішен оратын. 70-80 бауды қиналмай тастайтын ағаларды да көрдік. Мың бауды он-он бес күнде сұлатып салып, баулауға кірісесің. Біреулер прес­тің жібі, бірі сыммен, тіп­ті, қоғамен байлайтындар да бо­латын. Қасыңда серігің болса, байлап жарысу деген сондай қызық. Мұндайға, таңғы шықпен кіріссең, өнімдірек болады. Жарысып жүріп, бау пішеннің астында көлеңкелей, маужырап жатқан су жылан да қосарлана байланып кете беруші еді.

Одан кейін көлікке тиеу. Әке-көкелеп, тракторы барларға ке­зекке тұрасың. Жағдайын жасап, қас-қабағына қарап, айтқанын заматта орындауға тырысасың. Шөптің науқанында бағаны да жақсы айтады олар. Екі шелек май солярка мен тракториске екі шиша “май”. Ақшасын қалтасына бөлек сүңгітесің. Олай етпесең, қыста бар малыңның кепиетіне ұшырағалы тұрсың.

Шөпті ату, оны жинау да – бір өнер. Әдепкі төрт-бес қа­тар­ға дейін мұрның терле­мей-ақ қи­мылдайсың. Қиыны 11-ші қатар мен 12-ші мая жон. Ұзын сапты айырмен шиыра лақ­ты­рушы еді біздің жігіт­тер. Әсі­ресе, сыныптасым Айбо­лат­тың қи­мылы бір жосын еді. Өзі де тым қарулы. Ал енді бау шөпті жинап тұрған жігіттің жұ­мысы ұнамаса да, “ағажан, сенің жинауың тура шырпының қора­бындай” деп мақтап, танауын делдитіп қоярсың. Содан соң тиелген пішенді үш қатар троспен тепкілей тартып, шөпті аудырмай қораға түсірсең, үйдегілер сені­мен өздері-ақ “есептесіп” сөйле­седі.  Иә, қатарластарыңмен өтер отырыс не би кешіне ұялмай ақша сұрай аласың, үйдегі май­да-шүйде, барып кел, шауып кел дегендерге аса бас қатыра бермейсің. Ондайлар сенен кейінгі ұлға міндет болып қалады.

Рас-ау. Ауылдағы жұрт үй салып, шөп орса да, отын түсіріп, жантақ шапса да, көмекпен бі­тіретін. Ертең “пәленшеге көмек” десе соған аса жауапты қарай­тынбыз. Кеш батса, “ертең көмек берші” деп қиылып тұратын көршің не кластасыңның сөзін қалай жерге тастайсың?!

Асарлатып жүріп, аса жауап­кершілікті сезінесің. Бір-біріңе керек екеніңді, “адамның күні адаммен” екенін осындай істе миға әбден қашап қайтарсың. Көмек беру – адамдарды бауыр­малдыққа әкелетіні рас еді.

Бүгінде ауылдағыларға мо­торлы орақ немесе шағын косылка жақсы болып тұр. Бір-біріне көмек беру де сиреп қалған сияқты. Техника дамыған сайын адамның араласуы да азайып келеді. Мойындайықшы осыны.

«Кәнөк» немесе 

Шарханға бірер сөз

Ауылға демалысқа барсам атам мен апам отырған қарашаңыраққа соқпай кетпеймін. Иә, үлкен үй дәл “Қара арықтың” іргесінде еді. Осы қыста барғанымда кешегі шіреніп аққан су суықта көк мұзға айналыпты. “Кәнөк” тепкен екі-үш кішкентай көзіме балалық шақты ап келді.

Кәнөк. Түпнұсқасы қалай шықты бұның? Сірә, “коньки” сөзін ауыл адамдары өз тіліне келтіріп алғанға ұқсайды. Әйт­песе, “кәнөк” немесе “канок” деп айтылатын сөз мың сөздікті ақтарсаңыз да табылмайды.

Қоош. Бұл кәдімгі бәтеңкеге қағылған коньки ғой. Бала күнімізде үлкен ағаларымыз “кәңкиді” бәтеңкеден қақырата сөгіп алып, жарты метрге жетер-жетпес екі ондық (десяткі) ағашқа шегемен тықылдата отырып қағып берер еді. Содан соң коньки қағылған қос ағашты бір-біріне жабыстыра, үстіне өзіңе ықшамдап тақтайды орналастыратын. Қос қолыңа аса майысуға көнбейтін ұшталған сым ұстатады. Оны “таяуыш” дейміз. Таяуышты мұзға шаншып, алға өзіңді бір итерсең болғаны. Әрі қарай мұз үстіндегі жылдамдық сені өзі-ақ рахатқа батырады. Міне, “кәнөктің” сыры. Біздің қыстыкүнгі қызықтың бірі – осы.

Бала күнгі досым Шархан! «Таскөпір» мен «Домалақ көл» арасынан жүйткіп сырғанақ тепкеніміз қайда? Сен егер осы жазғанымды оқып отырсаң, бі­раз қызық есіңе түсіп, еріксіз кү­лерсің-ау.

Сен білесің ғой, Шархан, бала күнде мұндай шанасы жоқтың көңіл-күйі болмайтынын. Жазда сарай үстінде жататын бұл “көлікті” қыс түсіп, мұз қа­тысымен кәдімгідей дайын­дай­тының есте шығар?! Сонау ауыл шеті Жабағылыдан қысты­күні кейбір ұл осымен мектепке де қатынады ғой. Спорт еді ғой бұл. Қос қолың мен қарың талса да, осының үстінен түспей, “қушы” ойнайтыныңды қалай ұмытасың?..

Мына ойнап жүрген екі кіш­кентайды көргеннен кейін саған осыны айтқым келді. Ауыл ба­лалары үйкүшік боп баратын тә­різді ме, Шәке?! Бәріне интернет, әлгі сол “сөткі” кінәлі шығар. Не құдіреті бар екен соның?! Ауылда ойнап жүрген көп бала көрмедім.

Жазда келсем де бұрынғыдай суға түсіп, күнге қыздырынып жүрген бірі де жоқ мұнда. Ауылға сеть келгелі «Қара арықтың» жағасын қоға басып, күйі де қашыңқыраған сияқты. Егер сенің ұлың ләңгі тепсе, қораз төбелестіріп, ит-күшікке құмар болса да, қолын қақпа. Асық ойнаса да, жиек жағалап, суға түссе де «тәйт» деме. Жұрт үйінен баласын сыртқа шығара алмай жүр. Бала ойнаса, қозғалыссыз қалмайды деген сөз. Ал қозғалыстың спорт екенін өзің де білесің ғой. “Ішегін сүйретіп” ойнағанның соңы біз болмайықшы,  достым…

Мука деген…

Студент кезім шығар. Күн тас төбеге келген уақыт. Түскі тамаққа шешем балық асқан. Әдетте, ауылдағылар “Егордың қызы” деп атайтын шешемнің бүгінгі заманауи тамақты онша білмесе де, ет пен балықты былқытып асқанда, біразға дейін май сіңген саусағыңды сорып жүруге болар еді. Осындай бидайдың екінші сорт қара ұнынан нанын салып, бетіне он шақты семіз сазанның кеспесін төсеген күйі алдымызға қойды. Өзі сорпа құюға кірісті.

Енді әкейдің оң қолының “біссіміллә” деп алдыға ұмтыл­ғанын күту керек еді, олай етпеске амалың да жоқ. Шыдайсың, қанша жерден ішіңді тырналаған аш қасқыр бағаана қазан бүлкілдеп, балықтың көзі ағара бастағаннан ұлығанына қарамайсың. Міне, ол сәтте келді. “Ал, алдырыңдар” дегеннен алдыңа төселген “пәлен­­шенің диктантқа арнаған дәпте­рінің” екі бетіне тиесілі сыбағаңды салып ап, жыпыруға кірістік.

Осы сәтте үйге өзі ақкөңіл, жаңғалақтау жеңгеміз кіріп келгені. Сұмдық аңқау-етін.

– Сәлем бердік, аға. Сәлем бердік, апа. Жекелей амандаса салысымен, ыржия күліп, шешем­нің жанына жайғасты.

– Кел, келе ғой. Астан алдыр. Әкем қозғалақтап осылай үн шығарды.

– Мақтап жүреді екенсің, – деді шешем де.

– Иә, апа, сіздерді мақта­мағанда…

Аңқау жеңгем әңгімешіл. Ауыл арасындағы барлық жаңа­лықты сүзіп шықты. Сәлден соң, жеп отырған тамаққа қарап тұрып:

– Апа, қаладан алдырған ұныңыз нашар ма не?!

– Жоға, әдейі, семіз балықтың майы сіңсін деп нанын бидай ұннан иледім. Шешем осылай ақтарыла берген.

– Өйбуу, апа, Қазалының базарына мука деген ұн келіпті ғой. Әппақ-ау, әппақ. Көтерілгені қандай?!

– Қандай? – дейді шешем әуелде түсінбей қалып.

– Мука деймін апа, мука. Қаптың сыртында солай жазылып тұрады ғой. Қостанайдікі екен. Шешем мырс еткен. Жеңешем сыпылдатып әңгімені сойып жатыр.

Ал керек болса. Күлейін десем, әкейден ығып отырмын, күлмейін десең, жеңешеңнің “му­касы” қы­зық болып тұр. Сол кездері 50 келілік ұн бар қаптың сыртында орысша үл­кейтіп, “МУКА”, “Высший сорт” деп жазылғанын, ауылда өскен жеңгемнің оның қазақшасы “ұн” екенін қайдан білсін. Бір ай бойы “мука” деген ұнның қамыры жақсы көте­ріле­тінін ауылға жар­намалап жүр­ді ғой. Шынымен де, ақкөңіл адамның бәрі ауылда шығар…

Ауыл десе…

Ауыл жайлы айта берсек, қызығы көп. Шыны керек, ауыл іші, оның ішінде әрбір адам өзінше бір әсер береді. Сабырлы, аңқау, көңілді, айтқыр, кешірімшіл болып келеді. Біз бен сіз байқай бермейтін, күлкілі һәм ойландырар жайттарды тізбектеп көрсек.

Ауылдағы қазақ теңеуге құмар. Салыстырмалы түрде сөйлейді. Мысалы, қымбат зат көрсе, “удай екен” дейді. Қымбат деп ешқашан айтпайды. Тым жалмаңдап бара жатсаң да, “екі иығын жұлып жеп, у пысық екенсің” деп бағаңды бірден айтады. Айтпақшы, мага­зинді “төшкі” дейтіндер сіздің ауылда да бар. Күлкілі түгі жоқ, ауыл тілі деген тіл бар десе, мен өзім сенер ем.

Ауыл қазағы тым сенгіш. Сосын ниеті де тым түзу. Мысалы, теледидардан қазақи кино бері­ліп, онда бата қайырылса, бар­лығымыз қол жаямыз. Тіпті, кейбір түрік сериалдарында аят оқылса, артынан “тие берсін” айтқан талай әжелерді көргенбіз. Ал енді жағымсыз кейіпкерді көрген жеңгелердің “осы қағынды келгір, өле қалмайды екен, итім құсап. Өй, қата қалғыр!” деп бар қарғысын заулатып, андағы байғұс актердің сол құлағын шулататынын қайтерсің.

Ауылдағы шешем қатарлы кісілер әлі күнге дейін қонақ келеді деп бар тамағының тәттісін сандық түбіне жинап жүр. Үйдегі ең пысығы ұрлап жеп жүрсе де, сол әдетін қойған емес. Қонағын қуантқысы келетін қазақ әйелдерінен қалай айналмасқа?!

Тағы да сол қонаққа қатысты. Үй сыртындағы бөрене басына қарға қонақтап қарқылдап не сауысқан шықылықтаса, біздің әкей “Хақ сөйле” дейтін. Үйге кісі келетіндей елеңдейтін. Соған сенетін. Шынымен, кешкі ас қарсаңында сынып жетекшім Еркін ағай немесе өзі қатарлы аға буын ұстаз Ертас нағашым кіріп келе жатар еді…

Әлгі сенімге байланысты айтар болсақ, нағашы әжем есік алдындағы сарайдың бұрышына аяғын көтеріп, бойындағы бар “химиялық сұйықтығын” шап­тырған Булканға қарап, “құт құйсын, құт құйсын” деп қайталай беретін. Иттің дәретін жақсылыққа балайтын аңғал әжем-ай! Жаман айтпай-ақ кетті.

Кешкі ас үстінде отырмыз. Жаздың күні болатын. Қайдан келгені белгісіз, қаңғалақтаған қара шыбын інімнің ішіп отырған сорпасына жалп етті. Біздің сары бала түкке түсінбей қалды. Шешем әлгіні қасықпен іліп алды да, “ештеңе етпес, несібең ғой” деді. Інім де мән берместен қою сорпаны қомағайлана ұрт­тай берді. Мұндағысы бала ұшынбасын дегені әрі әлдебір үміт. Мейлі ол сона болсын, шы­бын-шіркей болсын, тамақ бетіне түссе, солайымен алдын­дағы асты жуындыға аудара салмайды. Әй­теуір, адамның бір несібесі деп үміт етеді. Қызық, ә?!

Ауылдағы ел ауырса өз-өзіне екі диагнозды қоя салады. Бірі – салқын тиген. Онысын “ыстық шәй ішіп, бір терлеп” жазып аламыз деп ойлайды. Екіншісі – көз тиген. Бұны қазақы ауру дейді де, өзі білген дұға-сүресін оқып, қағып тастай салады. Жалпы, ауылдағылар ауырса да, ешкімге міндет етіп, жүк артып, салмақ салғысы келмейтін шыдамды жұрт қой.

Құрметті оқырманым! Кіршік­сіз көңіл іздесең, ауылға тартып кет. Саған ештеңе бермесе де, сен баруға тиіссің. Жоқ дегенде, шулы қалаға келіп жоғалтқан көп ізгі дүниені осыннан түгелдеп қайтар ең. Ауылды ұмытпайықшы…

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<