«Король Лир» спектаклінің премьерасын Сақтаған ағамыз көрген жоқ. Бәрін дайындап беріп, премьераның қарсаңында ол кісі Алматының М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының атқарушы директоры болып ауысып кетті. Орнына бұрынғы артисіміз, Н.Гоголь атындағы Педагогика институтының ұстазы Шайтұрсын Әбдібаев келіп орналасты. Тез тіл табысып, іске кірісіп кеттік.
1980 жылы театрымыз 25-ке келеді екен, соған дайындалып, Алматыға есепті гастрольге баруды ұйғарып, репертуарды дайындай бастадық. Қазір қоржынымызда бір-ақ спектакль бар. Ол – «Король Лир». Қойылымды жиі қайталап шыңдай түстік.
Көркемдік кеңеспен ақылдаса отырып, репертуарға Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғани», Ә.Тәжібаевтің «Майра», М.Әуезовтің «Түнгі сарын», Д.Исабековтің «Әпке», венгр драматургі Иштван Эркеньнің «Сау басыма сақина», Қарақалпақ жазушысы К.Рахмановтың «Келін» атты пьесаларын енгізіп, бірінен соң бірін сахналап жаттық. Дайын болдық-ау деп шешкенде Мәдениет министрлігіне хабарласып сарапшыларды жіберуін сұрап едік, репертуарлық-редакциялық коллегия бастығы, жазушы Ө.Канахинді, театр сыншысы, өнертану ғылымының докторы, профессор Б.Құндақбаевты, театр сыншысы, театр бөлімінің меңгерушісі Қ.Каримовті біздің спектакльдерді көріп, сыни пікірлер айтуға аттандырған екен. Біз соларға жеті күн бойы жеті спектакль көрсеттік. Қызу талқылаудан кейін екі спектаклімізді қысқартты. «Әпке» және «Келінді».
Сонымен жеті спектакльдің бесеуі ғана қалды. Театрлар есепті гастрольге жай бармайды, гастроль қорытындысымен біршама артистерге атақ алып беру үшін де барады. Және репертуарда ол артистер жақсы-жақсы рольдер ойнап, сәтті туындыларда табысты бейне жасауы керек. Шайтұрсын екеуміз ақылдасып, Халық артисі атағына екі кісі – Тұрысжан Айнақұлов пен Жібек Бағысова лайық деп топшыладық. Тұрекеңде роль жетерлік және жасаған бейнелері де ауыз толтырып айта алатындай дәрежеде. Жібектің Бибиші, Реганасы мен Маришкасы – сөз жоқ оған атақ алып беруге жарайтын бейнелер. Еңбек сіңірген артист атағына лайықты деп ойлаған Серік Шотықов шығармашылығы бұл жолы кемеліне келіп тұрған шағы. Шайтұрсынның да атақтан дәмесі бар, бірақ әзірге лайықты ролі жоқ. Майқан болысты көріп еді, оған онша жолай алмады, Табынбаевты әурелеп көрген, бірақ одан да ешнәрсе шықпады. Бесінші адам – Әлия. Әлияның рольдері бар, дегенмен Шайтұрсын екеуіне арнап тағы бір спектакль алсақ, Әлияның мүмкіндігі арта түсер еді.
Ойласа келе «Ақан сері – Ақтоқтыны» қойсақ қайтеді деген шешімге келдік. Біріншіден, классика десең классика, маңдайалды пьесаның бірі. Қандай образдар, қандай оқиғалар, пьесаның құрылымы, қайшылықтар мен тартыстар. Нағыз қоятын-ақ дүние. Өзім де ойым кетіп жүрген. Оның үстіне өзгеше бір эксперимент жасап, поэтикалық, романтикалық тұғырдан түсіріп, шындыққа, өмірге жақындатып қою бар еді ниетімде. Соны іске асырудың сәті түскендей.
«Ақан Сері-Ақтоқтыны» өз дәрежесінде қоя алсақ, Шайтұрсын мен Әлияның мүмкіндіктері еселей түсер еді. Сондай-ақ репертуарда Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың бір дүниесін қойғанымыз жөн деп шештік. Екі спектакльдің орнына тағы екі спектакль қосылып, гастрольге өзіміздің межелеген санымыз – жеті спектакльмен баратын болдық.
М.Әуезов – «Түнгі сарын»,
Ғ.Мүсірепов – «Ақан сері-Ақтоқты»,
В.Шекспир – «Король Лир»,
И.Эркень – «Сау басыма сақина»,
Ә.Тәжібаев – «Майра»,
Ш.Хұсайынов – «Біздің Ғани»,
Қ.Мұхамеджанов – «Өзіме де сол керек».
Ақан Сері-Ақтоқтының премьерасынан кейін Шайтұрсын екеумізді Жарылқасын Үмбетов шақырып алып, біраз ақылын айтты. Алматы сапарының жауапкершілігін, Қызылорда облысы үшін де біздің бұл гастроліміздің үлкен сын екенін ескертіп, дайындықты күшейтуді тапсырды.
Жарылқасын Үмбетов Қызылорда облысының мәдениетін басқарып тұрған кезде ауқымды-ауқымды істер атқарылып, театрдың да мәртебесі өскен шақ еді. Ол кісі біздің спектакльдеріміздің тұсаукесер рәсіміне өзі қатысып, облыс басшыларын да қатыстырып жай басқосуды үлкен проблемалық деңгейге көтеріп, біздің және артистеріміздің шығармашылық, әлеуметтік мүмкіндігінің биіктен көрінуіне үлкен мән беретін. Шетелдік классикаға иек артқанда сол шығарма жайлы кітаптарды оқып, пікірталасқа үлкен дайындықпен келетін. Сондықтан біз де тұсаукесер рәсіміне ыждағатты дайындықпен келіп, «көрерменсіз премьера» өткізуге ұмтылатынбыз. Өйткені Үмбетовтің келгені үлкен жауапкершілік жүктейтін. Мінезі қатал көрінгенімен өнер адамдарына жылы пейілмен қарайтын.
Мәдениет министрлігі үш спектакльді көруге Нұрлан Оразалинді жіберіпті.
Ғ.Мүсірепов – «Ақан сері-Ақтоқты»,
Қ.Мұхамеджанов – «Өзіме де сол керек»,
Ә.Тәжібаев – «Майра».
Нұрлан Оразалин:
Сіздердің Алматыға баратын сапарларыңыз – бәрімізге той іспеттес дүние. Коллектив, Алматыға баруға қаншалықты қызықсаңыздар, астана көрермені де сіздерге үлкен үмітпен қарап отыр. Біз де осы үш спектакльді көруге таза ниетімізбен келіп отырмыз.
Қызылорда театрының режиссурасы ойлы режиссура, бағыт-бағдары бар. Демек театр дұрыс бағытта. Коллективтің өзі тәрбиелеген адамы. Өздеріңізбен бірге өсіп келе жатыр. Дефирамба айтуға асықпайық, көрген спектакльдерімізде қандай әттеген-айларымыз бар, соны бірлесе ойлассақ дейміз.
Режиссер – өзі де синтездік өнер. Синтездік өнердің басында тұрғасын әңгімені режиссерден бастап жатырмыз. Қызылорда театрының негізгі бағыты – авторлық ойды тереңдетіп оның әлеуметтік үнін көтеруге деген ұмтылысын біз жоғары бағалаймыз. Бүгінгі күні театр суретшісі де үлкен проблема болып отырған жайы бар. Сондықтан біз көрген Серіктің өнері – қуанарлық өнер. Режиссердің ойын дамытушы үлкен болашағы бар суретші. Театрларыңызда режиссер мен суретшінің терең бірлігі байқалады, екеуі үндес, бұл – жақсы қасиет. Әрине, вакумды толтырушы актерлер, режиссер мен суретші де актер болмаса ешнәрсеге қол жеткізе алмас еді.
«Ақан сері-Ақтоқты» режиссерге тізгін бермей жүрген шығарма. Көптеген театрлар бұл спектакльді қоя алмай жүр. Жалпы классиканы қоюдың өзі қиын дүние ғой. Қойылымның шешімі жақсы. Атап айтар болсақ, жүйрікке кісен салған заманды, Құлагердің керіп қойған терісі арқылы шешім тапқандарыңыз, бұл – шыңғырған шындық. Жақсы стилизацияға қол жеткізгенсіңдер. Дәстүрдің топырағында тұрып, жаңашыл ойларыңызды көп жұртқа түсінікті жасағандарыңыз қуантады. Сахналық пластика, ойдың, сезімнің пластикасы режиссер шешімінен тууы керек. Мына спектакльде Ақанға жұмсақтық жараспайды. Оның басындағы ахуал Ақанға ышқына серпіліп қатқыл линияда жүргенді талап етеді. Дауыс та, жүріс те жұмсақ. Ақанға сенім мен қатқылдық жетпей жатыр. Дауыс жетпей жатыр.
Хазірет – Науанда зымияндық, қулық, сұмдық сезімдер аздау сияқты, характердегі осы бір жағының тұздығы ащы болмай, жетіспей жатыр.
Асқарбек – Жалмұқан толық отдача жоқ сияқты. Науанмен билікке таласып жүрген адам, мен де биікпін, сенімен бірдеймін деп. Екінші план жөнінде ойлана түссең әлі де болса.
Әлиядағы біз қуанатын жай – өсу үстінде екен. Ақтоқтысына айтар әңгімем жоқ. Жақсы. Ақанмен арадағы қарым-қатынас Ақан тарапынан әлі де ширыға түссе дұрыс болар еді.
Балуанға риза болдық. Массовка ансамбльге кіре алмай жатыр. «Ақан сері-Ақтоқты» беткеұстар спектакльдеріңіз болуы керек. Шығармаға әлі де салмақ салу керек сияқты.
«Хайдарбек» жөнінде. Спектакльдің бейнесін жасаған суретші Жұмаш Әбіровтің шығармашылығымен бірінші рет кездесіп отырмыз. Ойы, орындау барысы жақсы, драматургияның ойынан шыққан. Бұл спектакль өз орнында, өз деңгейінде тұрған дүние. Автор айтады бұның бағасын.
«Майрада» толығымен спектакльге ену болмай жатыр. Массовкада бездейственность, сыртқа қарап сөйлеп кету сияқты келеңсіз көріністер. Кейбір қайталанатын жерлерін қысқарту керек пе еді?
Ақаев адвокат неге бірден қатты айқайлайды. Ол кездегі бар мәселе тілмәш адвокат арқылы шешіліп отырған ғой. Ол айқайдың адамы емес. Нутро байырақ болу керек сияқты. Бақтияр – Бақытбекте скороговорка бар, ойланбай сөзді қуып кетіп жатырсың.
Сахнада тазалық болмаса, бейберекет нәрсе көп болса, спектакльге қиын ғой, ол да тірі организм сияқты ауырады ғой. Соғыс болады дегенде біреулері қарнын сипап жүр. Соғысқа қатты көңіл бөлу керек.
Гастрольге барғанша әлі де жұмыс істей беру керек. Дем алмаңыздар, репетиция, репетиция, гастрольден кейін келіп, сосын демаласыңдар.
Әрбір прогон коллективтің пайдасына.
Сәт сапар!
Сонымен көптен күткен гастроліміз басталды. Шымылдықты «Түнгі сарынмен» аштық. Қойылым өте ауыр басталды. Екінші көріністен кейін ғана көтерілді-ау, әйтеуір. Спектакльді көрермен өте жылы қабылдады. Астананың өнер майталмандары құттықтап жатыр. Сыншылар не дер екен?
Қолымызда «Социалистік Қазақстан», интервью иесі Серік Әбдірахманов.
«Бүгінгі қазақ сахна өнерінің кең көкжиегін көрсетіп, биік мәдениетін танытатын белгілердің бірі облыс орталықтарындағы театрлардың творчестволық тынысы екені – айрықша қуанышты құбылыс. 15 август күні Алматыдағы гастроль шымылдығын ашып, «Түнгі сарын» спектаклін астаналық жұртшылық назарына ұсынған Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрының алғашқы аяқ алысы да бұл байламды беріктендіре түскендей. Газет тілшісі спектакльден соң ұлттық сахна өнеріміздің саңлақтары, Социалистік Еңбек Ері Серке Қожамқұлов және СССР Халық артисі Сәбира Майқановамен әңгімелескен болатын.
– Сераға, «Түнгі сарында» 45 жыл бойы ойнаған актер ретінде Сіз қызылордалықтардың осы спектакліне қандай сезім күйімен келіп едіңіз?
С.Қожамқұлов: – Алдымен Қызылорданың өзі туралы айтқым келіп тұр. Жаңа, спектакль басталарда сөйлеген құттықтау сөзінде Сәбира жақсы айтты: алғашқы астанамыз болған бұл қала бәріміздің жүрегімізге ерекше жақын. Ұлттық мәдениетіміздің қазіргі сәулетті сарайы алғаш қабырға көтерген, талай-талай асыл азаматтарымыздың өнегелі өмір жолы, өрелі өнер жолы басталған қымбат қала бұл. Астана Орынбордан Қызылордаға көшірілгенде мен Қостанайда тергеу қызметінде жүрген едім. Көркем үйірмелер спектакльдерінде шағын рольдер ойнап, күлдіргі тақпақ, өлеңдер оқитынмын. Театр ашылады деген хабарды естісімен сонда жеттім. Қаллеки, Құрманбек, Елубай, Әміре, Иса, осы Қапандар да жан-жақтан жедел жиналып қалды. Алдымыз отызға ойысып, соңымыз жиырмадан жаңа асқан қылшылдаған жігіт кезіміз, тақыр жерге театр тұрғызып, жас отаудың уығын қадап, шаңырағын көтердік те кеттік… Иә, Қызылорда – туған өнеріміздің талай тал бесігін тербетіп, ұлт мәдениеті аспанында шарықтаған қаншама қыранға қанат қақтырып берген аяулы жер. Мен бұл спектакльге сол жалын жастығымыз өткен қаланың сахна шеберлерінің лайықты өнерін көретініме сеніп келген едім.
С.Майқанова: – Жерлестерімнің гастрольдік жарнамасынан М.Әуезовтің «Түнгі сарынын» оқығанымда театрдың творчестволық батылдығына іштей қол соққан болатынмын. Бұл өзі – қойылымға қиын, қатпар-қыртысы көп, күрделі дүние. «Түнгі сарын» – Мұхаңның басқа шығармаларынан бітімі бүтіндей дерлік бөлек драма. Тартысының өрбуі де, кейіпкерлердің сөйлеу мәнері де, бірнеше тағдырды желілей жүргізуі де тарихи-революциялық тақырыпты көркемдікпен игеру талаптарына сай жаңаша шешілген бұл туындыны «Қаракөз», «Еңлік-Кебектің» кілтімен аша алмайсыз.
С.Қожамқұлов: – Сәбира айтып отырған сол кілтті тауыпты қызылордалықтар. 1934 жылы режиссер Ю.Рутковский осы драманы қолға алған кезде Мұхаңның өзі театрда ұзақ уақыт болып, бізге он алтыншы жылғы көтеріліс туралы талай терең мәнді, тағылымды әңгімелер айтып, «Түнгі сарынның» неге халықтық драма аталатынын зердеге құйып берген еді. Хұсейін Теміровтің драмадағы бас кейіпкер – халық екенін тап басуы, сөйтіп сахнада халық образын жасап шығуы – спектакль табысының басты себебі. Режиссер драманың түпкі идеясын да, көркемдік табиғатын да тамаша түсінген, актерлерге де тамаша түсіндірген. Сахна сайын шиыршық атып, ширыға түсетін қат-қабат оқиғаның бірде-бір желісін шашау шығармай, сегіз өрім етеді де отырады екен. Басқа спектакльдері де осы деңгейден табылса, қазақ сахнасына тағы бір таза талант қосылды деп қуана беруге болады.
С.Майқанова: – Серағаның сөзіне толық қосыламын. Хұсейіннің өнер өрнегіндегі маған қатты ұнайтыны – түпнұсқаға өте ықтияттылықпен қарауы. Кейде жас режиссерлердің пьесаны өзінше қырнап-сырлап «жақсартуға» тырысып жататыны болады. Теміров драмадағы әуезовтік рухты қаз-қалпында сақтап қалған.
С.Қожамқұлов: – Қалай дегенде де басы ашық жай мынау – қызылордалықтардың «Түнгі сарыны» шын мәніндегі талассыз табыс. Облыстық қалада мұндай тегеурінді творчестволық труппаның болуы ұлттық мәдениет қамын ойлаған әр азаматты қуантуға тиіс».
«Талассыз табыс» айдарымен шыққан Серке ағамыз бен Сәбира апамыздың ұлағатты сөздері бізге үлкен шабыт сыйлап, гастрольдік спектакльдеріміздің дайындығын үдете түстік.
Хұсейін Әмір-Темір,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы.
(Жалғасы бар)





