Менингит өршігенде Қадір түнін мешітте қарсы алған жөн бе?

294

0

Менингит өршігенде Қадір түнін мешітте қарсы алған жөн бе? Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин елімізде менингит дендеп тұрған шақта «Қадір түнін халық көп баратын мешітте қарсы алған жөн бе?» деген сауалға жауап берді. Бас санитар дәрігердің айтуынша, денсаулығы әлсіз жандарға бұл күні мешітке бармаған абзал екен.
NUR.KZ хабарлағандай, өткен тәулікте елімізде менингит инфекциясына шалдыққандар тіркелген жоқ деп сендірген Жандарбек Бекшин тілшілердің «дерт өршіп тұрған уақытта Қадір түнін қарсы алуға мешітке барған дұрыс па?» деген сауалына да жауап берді.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, бұл бағытта денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан мұсылман діни басқармасымен бірлескен жұмыстар атқарып жатыр екен.

«Барша мұсылман қауымын алдағы Қадір түнімен құттықтай отырып, сақтық шаралары туралы хабардар еткім келіп отыр. Біз мешіттердің имамдарымен аталған мәселені талқыладық. Әсіресе мешіттердің уақытылы тазалануына көңіл бөлінсін деген ұсыныс айттық.
Сондай-ақ, имамдарға мешіт ішіне желдеткіш құралдарды орналытуын қадағалауды тапсырдық. Бұл тек қадір түніне қатысты емес, жалпы жұма, тарауық намазына қатысты болып отыр. Бірақ әрине халық ең көп шоғырланатын кез – қадыр түні екені белгілі.

Бұл түні мешітке келген адамдар 1-2 сағат емес тіпті 5-6 сағаттай уақыт бойы бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болады. Сондықтан мұндай сәттерде тұрғындар арасында аурудың таралу, жұқтыру қаупі өте жоғары болмақ», — деді ведомство өкілі.
Бас санитар дәрігер «денсаулығы нашар әрі өздерін жайсыз сезінетін адамдарға мешітке бармауға кеңес берді».

«Әрине ондай адамдарға шек қоюға болмайды, бірақ осындай ұсыныс айтқымыз келеді. Қазақта «сақтансаң сақтайды» деген сөз бар ғой. Сондықтан көпшіліктен осындай жайттарды ескерсе екен деген ұсынысымыз бар», — деді денсаулық сақтау министрлігі өкілі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<