Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан әкімдігінің мәжіліс залында мерейлі жасқа толған ел ағаларына құрмет көрсетті. Атап айтқанда, 85 жасқа толған Каналбек Тәжіковке, 75 жасқа толған Жеңіс Әлжановқа, 63 жас зейнет жасына шыққан Дәулет Егембергенұлы мен Шәутай Тілеуберген Құдайбергенұлына облыстық және аудандық Құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ, қазақы дәстүрге сай иықтарына шапан жабылып, ізгі тілектер айтылды.
Каналбек Тәжіков 1970 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының малдәрігерия факультетін тәмамдап, еңбек жолын Шиелі ауданына қарасты Сырдария совхозының №2 фермасында веттехник болып бастаған. Адал еңбегі мен іскерлік қабілетінің арқасында 1974 жылы осы совхоздың бас мал дәрігері, ал 1981 жылы Шиелі ауданның бас мал дәрігері қызметіне тағайындалып, бұл лауазымды 1992 жылға дейін абыроймен атқарды.
1992–2000 жылдары Сырдария совхозының басшылық қызметтерінде болды. 1994 жылы өзі басқарған шаруашылық әр жүз саулықтан жоғары көрсеткішпен төл алып, аудан бойынша озат шаруашылық атанып, ел еңсесін көтерген азамат ретінде танылды.
75 толған ел ағасы Жеңіс Әлжанов саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған білікті маман. Ол еңбек жолын 1976 жылы Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекеттік техника бақылау инспекциясында инженер-инспектор болып бастап, ұзақ жылдар осы салада табанды еңбек етті. 2013 жылы Шиелі ауданының мемлекеттік еңбек инспекторы қызметінен зейнет демалысына шықты. Ауданның дамуында өзіндік орны бар азамат ретінде зор құрметке ие.
63 жасқа толған Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», құрылысшы, меценат Шәутай Тілеуберген Құдайбергенұлы 1962 жылы 25 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Қызылқайың елді мекенінде дүниеге келген. Ол Қазақ химия-технологиялық институтында «Инженер-құрылысшы», Қызылорда мемлекеттік университетінде «Тау-кен инженері-мұнайшы» мамандықтарын игерген.
1986 жылдан бері Құмкөл мұнай кен орнын игеру саласында еңбек етіп келеді. Әр жылдары «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің «Кумкольнефть» мұнай-газ өндіру басқармасында инженер қызметінде болып, қазіргі таңда «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның Мемлекеттік органдармен жұмыс жасау департаментінің директоры қызметін атқаруда. Сондай-ақ Қызылорда облыстық мәслихатының IV, V, VI және VII шақырылымдарының депутаты болды.
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Ақмая ауылының меценаты Дәулет Егембергенұлы да мерейлі 63 жасқа толып отыр. Ол байсалды мінезі, егін даласындағы табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында ауыл халқының зор құрметіне бөленген жан.
Еңбек жолын механизатор болып бастап, К-700 техникасын жүргізіп, маңдай терін төккен азамат Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, инженер-механик мамандығын алған. Кейін автогараж меңгерушісі қызметін атқарып, нарық талабына сәйкес жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. 2015 жылдан бері «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы ретінде ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді.
Іс-шара барысында аудан әкімі мерейтой иелерін шын жүректен құттықтап, ел дамуы жолындағы адал еңбектері мен өнегелі өмір жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






