Мереке күні 44 сәби дүниеге келді

48

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Өткен мереке күндері бірқатар мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеді. Ал 25 қазан күні облыста 44 сәби өмірге келді. Сонымен қатар, 112-Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне 1791 хабарлама түсіп, барлық өтінімдер уақытылы орындалған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде сала мамандары мәлімдеді.

– Облыс бойынша мереке күн­дері барлығы 75 жедел жәрдем бри­гадасы қызмет атқарды. Үш күн ішінде 5 091 шақырту тіркеліп, оның 2 256-сы балаларға қатысты болды. Шақыртулардың 59 пайызы 1-3 санатта болса, 40 пайызы жоспарлы 4 санатты құрады. Осы күндері 1 271 науқас ауруханаға жеткізіліп, оның 622-сі емдеуге жатқызылды. Олардың 52 пайызы – балалар. Ал жұқпалы аурулар ауруханасына қала бойынша 81 науқас жеткізілді. Бұл науқастардың 80 пайызы – балалар. Республика күнінде облыс бойынша 22 ұл және 22 қыз бала дүниеге келді. Барлық сәбилердің жағдайы жақсы, аналарының жанында. Сондай-ақ мереке күндері басқарманың бұйрығына сәйкес емханаларда «Ашық есік күні» өтіп, профилактикалық тексерулер, скрининг және вакцинация­лау жұмыстары жүргізілді, – деді об­лыстық денсаулық сақтау басқар­ма­сы басшысының орынбасары Мая Мирзанова.

Ал облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түй­меновтің айтуынша, 25-27 қазан аралығында департаментке 28 жедел шақырту келіп түскен. Оның ішінде 1 өрт және 25 жану дерегі бар. Облыс бойынша тәуліктік жа­уынгерлік кезекшілікте 170 қыз­мет­кер 44 техника бірлігімен жұмыс істеген. Жағдай тұрақты.

– Демалыс күндері 109-Бірыңғай байланыс орталығына облыс бойынша 799 өтінім келіп түсіп, оның 758-і орындалды, ал 41-і жұмыс барысында. Тәулігіне өтінімдердің орташа саны 266-ны құрады. Осы ретте барлық шұғыл қызмет пен коммуналдық сала мамандарына үздіксіз еңбегі үшін алғыс білдіре­мін, – деді брифингте облыс әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Мұхтар Садыбаев.

«СБ» ақпарат