МЕРЕКЕ ШУАҒЫ

186

0

Әйел – отбасының ұйытқысы. Олардың әр салада табысты еңбегімен танылғанына көп куә. Араларында мемлекеттік қызметте шыңдалып, алғыс арқалағандары да бар. Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов осы мемлекеттік қызметтегі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін марапаттады. 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада нәзікжандыларға ізгі тілек пен құттықтаулар арналды.

– Туған жеріміздің көркеюіне қаншама әйел-аналар үлес қосуда. Ұлт ұлағатының жас ұрпаққа жетіп, салт-дәстүріміз бен рухани құндылығымыздың қаймағы бұзылмай сақталуының өзі аналарымыздың арқасы дер едік. Сіздердің қолдауларыңыз бізге сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын! Мерекелеріңіз құтты болсын!, – деді департамент басшысы.

Салтанатты шара барысында қатысушыларға Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды. Өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Марапатталғандар қатарындағы Раушан Назарова өз кезегінде ризашылығын жеткізді. Отбасында аяулы ана, ардақты әже, қызметте білікті басшы ретінде танылған Раушан Балғабекқызы Жаңақорған ауданындағы «Сунақата», «Юбилейный» совхоздарында, Кеңес, Бесарық ауылдық округтерінде кадр жөніндегі инспектор, іс басқарушы, бас маман қызметінен аудан әкімінің кеңесшісі, Бесарық ауылдық округінің әкімі қызметіне дейін көтерілген. Ілкімді істері мен жоғары жауапкершілігінің арқасында жүктелген міндет пен артылған сенім үдесінен шыққан. 6 бала тәрбиелеп, 19 немере сүйіп отырған Раушан Балғабекқызының өмірі көпке өнеге екені сөзсіз.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<