Достық үйінде Астананың 20 жылдығына орай “Астана – Ұлы дала Елордасы” атты мерекелік шара өтті. Оған облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Л.Төрешова, “Қоғамдық келісім” КММ директоры У.Ибраев, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми сарапшылық топ өкілдері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері қатысты.
Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызы жиынға қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтады.
– Осыдан 20 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев еліміз үшін маңызы зор стратегиялық идеясын қабылдаған болатын. Бұл идея – Қазақстанға үлкен өзгеріс әкелді. Яғни, Сарыарқа төрінде жаңа қала бой көтеріп, қазақ елінің киелі мекеніне айналуда. Бүгінде қаншама ұлыс пен ұлтты бір арнада тоғыстырып, елдігіміздің тірегі болған Астана – береке мен бірліктің, ынтымақтың символы секілді. Бас қаламыздың 20 жылдық мерекесінде барша қазақстандықтарды құттықтаймын, – деді ол.
Жиынға келген қонақтар өзара пікір алмасып, Астананың тарихынан сыр шертті. Сондай-ақ, әсем қаланы әспеттеген сұлу сөзден өлең өріліп, әннен шашу шашылды.
Шара соңында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауда, мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруда қосқан елеулі үлестері үшін этномәдени бірлестіктер өкілдері облыстық ҚХА-ның Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<