Метапневмовирус адамдарға үлкен қауіп төндірмейді – ДДҰ

94

0

Фото: pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ресми өкілі Маргарет Харрис Женевада өткен баспасөз мәслихатында метапневмовирустың адамға аса қауіп төндірмейтінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Маргарет Харристің айтуынша, метапневмовирус инфекцияларының көбеюі маусымдық нормаға сәйкес болып отыр.

«Тұмау әлі де – ең көп таралған ауру. Ал респираторлық инфекциялардың ауқымы қыс мезгілінде көбеюі қалыпты жағдай», – деді ол.

Қытай билігі де ауруханалардың қазіргі жүктемесі өткен жылмен салыстырғанда төмен екенін жеткізді. Төтенше шараларды енгізу талап етілмейді.

Метапневмовирус алғаш 2001 жылы анықталған. Ол халық арасында бұрыннан тараған. Инфекция салдарынан жөтел, мұрыннан су ағу сияқты суық тиюге ұқсас белгілер болады. Көп жағдайда оңай өтеді. Иммунитеті төмен топтарда, нәрестелер мен қарттарда аурудың асқыну қаупі жоғары.

Харристің айтуынша, вируста өлім қаупі «өте төмен». Бұл айтарлықтай эпидемиялық қауіптерді жояды.

ДДҰ барлық респираторлық инфекциялардың таралуын азайту үшін алдын алу шараларын сақтаудың маңызын көрсетті:

Адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағу;

Үй ішін желдету;

Қолды үнемі жуу және гигиенаны сақтау.

Харрис бұл қарапайым шаралар қорғаудың тиімді әдісі болып қала беретінін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында метапневмовирустың екі жағдайы анықталған еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<