«Мия: Шикізаттан тыңайтқышқа дейін»

329

0

Фото: Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты

Күріш иннститутының ғалымдары жабайы мияны пайдалану және өсірудің мүмкіндіктері бағытында жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қарастыруда. Біздің аймақта кеңінен таралған өсімдіктердің бірі — жабайы мия. Бұл өсімдік медицина саласында кеңінен қолданылады. Қызылорда облысының Жалағаш және Шиелі аудандарында мияны өңдейтін зауыттар салынған болатын. Алайда, өкінішке орай, шикізат қорының жетіспеушілігіне байланысты бұл зауыттар толық қуатта жұмыс істей алмай отыр.

Осы мәселеге шешім табу мақсатында екі негізгі бағытты қарастырудамыз:

Бірінші бағыт – мия өсімдігін күріштің ауыспалы егіс жүйесіне енгізу мүмкіндігін зерттеу. Бұл тәсіл арқылы біз мияны мақсатты түрде өсіріп, шикізат көзін тұрақты түрде қамтамасыз ете аламыз. Алдын ала жүргізілген бақылауларға сәйкес, жабайы мияның тамыры 60–70 см, кей жағдайларда 1 метрге дейін жетеді.

Екінші бағыт – мия тамырын өңдеп, одан органикалық тыңайтқыш алу. Көп жағдайда мияның жиналмаған немесе пайдаланылмаған тамырлары далада қалып қояды. Біз осы қалдықтарды ұнтақтап, органикалық өнімге айналдыру идеясын қолға алдық. Бұл мақсатта БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН) арқылы алынған «Шмель» атты арнайы қондырғыны пайдаланудамыз. Аталған құрылғы мия тамырын ұнтақтап, сапалы органикалық тыңайтқыш алуға мүмкіндік береді.

«Мия: Шикізаттан тыңайтқышқа дейін»

Алынған тыңайтқышты топыраққа қосу арқылы оның құнарлылығын арттырып, өнім сапасын жақсарту, экологиялық әсерлерін бағалау секілді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сараптамалық талдаулар мен сынақтар нәтижесі негізінде бұл жобаның тиімділігі дәлелденеді.

Зерттеулерге сәйкес, мия өсімдігінің қоректік база ретінде толық қалыптасуы үшін шамамен 6 жыл уақыт қажет. Осыны ескере отырып, зауыттардың қабылдау мүмкіндіктерін есептеп, сұраныс көлеміне қарай қанша гектар жерге мия егу қажет екенін анықтауға болады.

Мия – ылғалды көп қажет етпейтін, құрғақшылыққа төзімді өсімдік. Сонымен қатар, оның тамыры топырақ құрылымын жақсартып, жерді тыңайтады. Мияның сабағы малға жақсы азық болып табылады, оны жыл сайын шауып, малазықтық дақыл ретінде де тиімді пайдалануға болады. Сондай-ақ, мияны сидерат ретінде қолдану арқылы топырақты табиғи жолмен байытуға мүмкіндік бар.

Егер бұл зерттеу жұмыстарына қаржылай қолдау көрсетілсе, алынған мия ұнтағының органикалық құнарлығы мен топыраққа әсері нақты зерттеліп, нәтижесінде қай мөлшерде және қанша гектар жерге енгізу қажеттілігі ғылыми түрде дәлелденетін болады.