«MIRAS»:  Азаматтық қоғам алдындағы міндет

178

0

Қызылордада «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Алқалы жиында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы мәдени ошақтарды салу және жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстардың Сыр өңірінде орындалу барысы мен облыстағы мәдениет саласының өзекті мәселелері талқыланды.

Жиынды ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, республикалық кеңес төрағасы Аманжол Әлтай жүргізді. Сөзінің кіріспесінде ол:

– Ұлт рухының алдаспаны қайралған,  тамырлы тарихымыздың арқауы жалғанған, әр қазақ бойтұмарындай қастерлейтін «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Тарихымызға жүгінсек, бүкіл қазақ баласы басына қиын-қыстау күн туған кезеңдерде Сырдың бойын паналаған. Оның бір мысалы, кешегі «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары шапқынға ұшырап, бас сауғалап босқан ел Сырдың бойына келді. Осы жерде басын біріктіріп,  жауына қайыра соққы беріп, береке-бірлігі ұйыған, елдіктің еңсесін тіктеген өңірдің төрі болды. Сондықтан бүгін Алаштың әз анасындай болған киелі топыраққа келіп, алтынқұрсақ елмен дидарласқаныма қуаныштымын.

«Сыр елі – жыр елі» атанған бұл өлке тума таланттардың бесігі болған, дауылпаз сүлейлер шыққан қасиетті төр. Абыз Қорқыттан бастау алатын жыраулық дәуірдің мектебін қалыптастырған Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет пен Нартай, Нұртуғандай дүлдүлдер дүниеге келген жер. Тіпті бүгінде ортамызда жүрген Алмас Алматов ағамыздан бастап Нөсер баламызға дейінгі аралықтағы жыр жүйріктері осы қасиетті төрде тума таланттардың қашан да көш керуені салтанат құра беретінін паш етеді, – деп ақеден пейілін білдірді.

Республикалық кеңес төрағасы Сыр өңірінде атқарылып жатқан серпінді жұмыстар көңіл қуантатынын, партия филиалы жанындағы «Miras» кеңесінің ең белсенді аймақтық кеңестердің бірі екендігін атап өтті. 

– Сыр өңірінде жоспардан тыс «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», «Шығармашылық академиясы» салынып, симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталғаны, «Жыраулар үйі» ашылып, барлық аудандарда «Руханият орталықтары» салынғаны біраз өңірлерге үлгі боларлықтай, – деп баға берді.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес партияның облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы Баймырза Қожамберлиев хабарлама жасап, аймақтық кеңестің жүйелі жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның ішінде мәдениет саласы бойынша салынып жатқан қарқынды құрылыстардан бөлек, мемлекеттік маңызы бар тарихи орындарды қорғау бағытында кешенді жұмыстар қолға алынғанын нақты дәлелдермен назарға ұсынды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейіловтің хабарламасында партияның сайлауалды бағдарламасы аясында өңірдегі  жұмыс толық орындалғаны айтылды.

– Жол картасы аясында облыс тұрғындарының мәдениет ұйымдарына қолжетімділігін арттыру, сапалы мәдени қызмет көрсету мақсатында 2023-2024 жылдары 13 мәдени нысанның құрылысы салынып, пайдалануға берілсе, 35 мәдениет нысандарына күрделі және жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі жыл ішінде аталған жоспар артығымен орындалды, – деді  басқарма басшысы.

Жиын барысында кеңес төрағасы Аманжол Әлтай Президент бастамасына сай кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуы қажет екенін айтты. Бұл орайда А.Пушкин атындағы қалалық орталық кітапхана және №13 балалар кітапханасының орналасқан жері оқырмандарға қолайсыздық тудырып отырғаны туралы сөз қозғалды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатқанын, жуық арада шешімін табатынын жеткізді.

Жалпы кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес өңірдегі мәдениет саласының өзекті мәселелері бойынша Серік Ыдырысов, Берік Саймағанбетов, Сәрсенкүл Бихожа, Қаршыға Есімсейітова, Нұрлыбек Мыңжас сынды облыстық кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныс айтылып, хаттамаға енгізілді.

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары   Шахмардан Байманов Сыр елінің мәдениет және өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жиын барысында айтылған ұсыныс-пікірлердің де алдағы уақытта қолға алынатын бастамаларға  негіз болатынын атап өтті.

Жиын соңында аймақтық кеңестің бірқатар белсенді мүшелері азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтайдың арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»