МӘМС: Ынтымақтастық пен қолжетімділік

216

0

Биылдан бастап медициналық көмек алудың жаңа жүйесі өз жұмысын бастағаны белгілі. Оның қыр-сырына қанықпаған тұрғындар үшін ақпараттандыру жұмыстарын  жалғастырудың маңызы зор. Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, биылғы 1 қаңтарда жоспарланған 113147 адам­ның 90644-і өзек­тен­діріліп, 80,1 процентке жетсе, өзек­тендірілмегендер саны 22503 адамды құрап отыр. Ал республика көлемінде 770 мың адам емханаға тіркелмеген бол­­са, біздің облыста бұл көр­сеткіш – 24110. Бұл облыс тұр­ғын­­­дарының 3,1 процентін құрайды.

– Өзектендірілмеген тұрғын­дар медициналық көмекке жү­гінген жағдайда өзектендіру сол мезетте жүргізіледі. Со­ны­­­мен қатар, осы жылдың бі­рінші тоқсанда еліміздің бар­­­лық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған бо­­­лып есептеледі де, меди­цина­­­­лық көмектің барлық тү­ріне қолжетімділік болады. Ал 1 сәуірден бастап өзек­тен­дірілмеген тұрғындар сақ­тан­дыру пакетіндегі медици­налық көмекке жүгінген жағдайда өзек­тендіріліп, статусына қарай жыл басынан бастап аударуға тиіс жарна мөлшерін «KaspiBank» және «касса 24» терминалдары арқылы аударып, қажетті кө­мегін ала алады. Бүгінде меди­циналық ұйымдарына терминалдарды орнату жұмыстары жүр­гізілуде, – деді басқарма басшысы.

Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен былтырғы жылдың аяғына дейінгі аралықта облыс тұрғындары сақтандыру қорына 7,1 млрд теңге аударған. Бүгінгі күні аймақ халқының 86,6 проценті шартты түрде сақтандырылған.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалы дирек­торы­ның айтуынша, аймақ халқының жалпы саны 802,3 мың адамды құрайды. Оның ішінде 471 мыңы, яғни, 58,8 проценті 15 жеңілдік санатына жатады.

– Қазіргі уақытта меди­ци­­налық көмек түрлері орналас­тырылып, медициналық қыз­мет­терді сатып алу шарасы аяқталды. Жаңа жүйені енгізу­мен бірге медициналық көмек ауқы­мының 20 процентке ұл­ғаюына орай, биыл облыс ден­саулық сақтау жүйесінің бюд­жеті 55156489 мың теңгені құрап отыр. Оның 74 процентін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі құраса, 26 проценті МӘМС жүйесіндегі медициналық қызмет үле­сінде. Сондай-ақ, амбу­латор­лық-емханалық көмектің қар­жы­ландыру көлемі де биыл 12 процентке артты. Алғашқы медициналық-санитарлық кө­мектің басым қаржысы ауру­дың алдын алу шараларына бағыт­талды, – деп атап өтті филиал директоры.

Айта кету керек, биылғы кон­сультациялық-диагнос­тика­лық көмектің 1 млн теңгеден астамы облыстағы 7 КТ және 4 МРТ аппараттарына жоспарланған. Бұл дегеніміз – сақтандыру аясында науқастың аталған қымбат қондырғыларға тегін жүгінуге мүмкіндігі бар екенін білдіреді.

Осы орайда мамандар ем­ханаға тіркелмеген, өзек­тен­діріл­меген, мәртебесі нақ­тыланбаған  азаматтарды ал­­­дағы үш ай ішінде емханаға тіркеліп, өз мәртебесін анық­тауға, өзек­тендіріліп, жарнасын төлеуге  шақырады. Олай болмаған жағдайда уақытылы төленбеген жарна үшін өсімпұл төленетінін және қажетті тегін медициналық көмекті ала алмайтынын ескертеді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<