Мүдделі мемлекеттердің серіктестік серпіні

10

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форум аясында басқа да мемлекет басшыларымен бірге Бейтараптық монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Бұл кешен Түрікменстанның бей­бітшілік пен жасампаздық ұстанымына бейіл екенін көрсетеді.

Онан кейін Президент Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы мен Түрікменстанның тұрақты бейта­рап­тығының 30 жылдығына арналған форумға қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы Гур­бангулы Бердімұхамедов пен Прези­дент Сердар Бердімұхамедовті Түрікмен­станның тұрақты бейтарап­ты­ғының 30 жылдығымен құттықтады. Мемлекет басшысы Түрікменстанның саяси ұстанымы тұтас Еуразия құр­лығының тұрақтылығы мен орнықты дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Аталған форумда көтерілген бастамалар ХХІ ғасырдағы бей­тараптықтың мән-маңызына жаңаша көзқарас қалыптастырады.

Қазақстан Президенті Түрікмен­станның бейтарап саяси ұстанымы түрікмен халқының сан ғасырлық мә­дени дәстүрімен және рухани құн­дылықтарымен үйлесетінін айтты.

– Түрікмен классикалық әдебиеті­нің негізін қалаушы, Шығыстың көр­некті ойшылы Мақтымқұлы Пырағы: «Тыныштық болса ел өседі, әділдік болса сенім күшейеді» деген. Ұлы данышпанның дүниені терең таныған идеялары қазіргідей алмағайып халық­аралық жағдайда да өте өзекті бола түскені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ашхабадтың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасы ерекше мәнге ие болғанын жеткізді. Еліміз осы маңызды қарарды қуат­тағанын айта келіп, бейбітшілік пен келісім Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясының іргетасы санала­тынына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ауқымды диалог­ті бастауы, ірі державалардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте маңызды деп санайды. Мемлекет басшысы еліміз Түрікменстан Президентінің БҰҰ бейбітшілік және бейтараптық универ­ситетін ашу жөніндегі бүгінгі ұсыны­сын қолдайтынын айтты.

– Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыс­тан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құнды­лық­тарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз Украинадағы қақ­тығысты реттеу бойынша келіс­сөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ прези­денттерінің Ан­коридж­дегі кезде­суі­нен кейін бейбіт­шілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүм­кіндігін жақындатты, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өзге өңір­лердегі қақтығысты реттеуге қатысты пікір білдірді. Аймақтық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәсе­лесінде Ауған­станға көмек көрсетуді жалғастыру қажет деп есептейді.

– Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы осы бағыттағы ынтымақ­тастықты үйлестіретін маңызды плат­формаға айналды. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда Азия­дағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жө­ніндегі кеңес маңызды рөл ат­қарады. Бұл форум өзінің саяси тұр­ғыдан өзектілігін дәлелдеді. Осыған орай АӨСШК қызметіне, соның ішінде форумды толыққанды халық­аралық институтқа айнал­дыруға қолдау көр­сеткені үшін серіктес­терімізге алғыс айтамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туын­ша, еліміз дінаралық, этнос­ара­лық және және мәдениетаралық диалогті нығайтуға айрықша назар аударады. Бұл орайда Президент Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт­тан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ұйымдас­тырылып келе жатқанын еске салды.

– Таяуда Астанада өткен VIIІ Съезде Қазақстан «Бейбітшілік қозға­лысы» деп аталатын бастама көтерді. Бұл, шын мәнінде, қантөгісті тоқтатуға, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілікті сезіне отырып, бітімге келу жолын іздеуге үндеу еді. Қазақстан ШЫҰ жұмы­сына белсене атсалысады. Бұл – Еуразиядағы қауіп­сіздік пен сенім шараларын қамтитын, көпжоспарлы әрі конструктивті күн тәртібі бар беделді және табысты ұйым. Жаһан­дағы прогресс пен тұрақ­тылықтың негізгі кепілі – орнықты әлеуметтік-экономикалық даму. Геосаяси шие­леністің өршуі, халықаралық санк­ция­лардың көбеюі, сауда тізбегінің бұзылуы, технологиялық бәсеке секілді көптеген фактордың сал­дарынан әлем экономикасы күрделі сын-қатерлерге тап болды. Жаһан­дық экономиканың қарқыны бәсең­деді.

Қуанышымызға орай, мұның әсері Орталық Азияға тие қойған жоқ. Барлық елде айтарлықтай өсім байқалады. Мысалы, Қазақстанның экономикалық өсімі биыл 6 пайыздан асты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесін еңсереді. Бұл жан басына шаққанда 15 мың доллардан артық, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері көлік-транзит әлеуетін күшейтіп жатқанына тоқталды. Ең алдымен, Шығыс пен Батыс, Сол­түс­тік пен Оңтүстік арасындағы байла­нысты нығайтуға баса мән беріледі. Президент Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүм­­кін­­діктерін дәйекті түрде кеңей­тіп, теміржол, порт, автожол инфра­құры­лымын жаңғыр­тып жатқанын, осы­лайша біртұтас транспорт жүйе­сін қа­лыптастыруға кіріскенін жет­кізді. Мемлекет басшысы еліміз Орта­лық Азияның көлік жүйесін да­мы­ту­дың кешенді стратегиясын әзір­леуге белсенді атсалысып жатқа­ны­на назар аудар­ды. Мақсат – ор­нық­­ты логистика бағыттарын толық іске қосу.
Президент су қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге ерекше мән беру қажет деп санайды.

– Су тапшылығы үлкен пробле­маға айналып келеді. Бұл ресурсты сақтау әрі ұқыпты пайдалану – еліміз бен аймақтағы өзге де мемлекеттер үшін стратегиялық, тіпті өмірлік маңызы бар басымдық. Өзге елдерде де солай деп ойлаймын. Транс­шекаралық суды пайдалану проб­лемасын, Арал және Каспий теңіз­дерінде қалыптасқан эколо­гиялық ахуалды уақыт оздырмай шешу мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажет. Біздің пікірімізше, өзара мә­мілеге негізделген бірлескен әрекет­тер арқылы Халықаралық Аралды құтқару қорының тиімділігін арт­тыруға болады. Ресей Қор жұмысына байқаушы ретінде атсалысса, бұл іске септігін тигізер еді. Каспий теңізі қазіргідей тартыла берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси салдары ауыр болуы мүмкін. Қа­зақстан Каспий экожүйесінің бұзылуы мен теңіздің тартылуының алдын алуға бағытталған арнайы мем­лекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Барша әлемдік қоғамдастықты осы бірегей су айдынын сақтап қалу жолындағы күш-жігерімізді қолдауға шақы­рамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің пайым­дауынша, жаһандық су диплома­тия­сын дамытуда мемлекеттер ара­сын­дағы ықпалдастықтың маңызы зор.

– БҰҰ жүйесінде тек су мәселе­сімен айналысатын арнаулы құры­лым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн. Қазақстан Халық­аралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агент­тігіне немесе ұйымына айнал­дыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастық­тың мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Аталған жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті. Ортақ саяси ерік-жігердің арқасында күн тәртібіндегі судың өзекті мәселелері жүйелі түрде шешіле бастайтынына сенімім кәміл, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзін қоры­­тындылай келе, Ашхабад форумы мүдделі мемлекеттердің жа­сам­паз серіктестігін нығайтуға және әлемде әділетті тәртіп қалыптас­тыруды көздейтін халықаралық күш-жігерге тың серпін беретініне сенім білдірді.