Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов денсаулығына байланысты емханада жатыр.
Бұл туралы әлеуметтік желіде Мұхтар Шаханов қорының төрағасы Нұржігіт Ысқақ жазды.
– Халқымыздың Қаһарман ақыны, әрі жазушысы, ұлт үшін жанын аямай тер төккен азаматы Мұхтар Шахановты білмейтін қазақ кем де, кем! Қазір көкеміз 84 жасқа келді. Бірақ денсаулығы сыр беріп, жансақтау бөлімінде жатыр. Ендеше, көкеміздің тез сауығып, ортамызға оралуы үшін дұға жасап қояйық, – деп жазды ол.
Еске салайық, Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол көпшілікке тілі жатық, қисыны тастай, ойы шымыр өлеңдерімен ғана емес, шешуші сәттерде батыл әрекет ететін тәуекелшіл мінезімен де танымал. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің жанашыры, діл майданының сардары ретінде репутация қалыптастырған ақын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Репсубликасындағы Елшісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Қазақ әдебиетіндегі Мұхтар есімін арқалаған үш алыптың бірі саналатын ақын ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналын басқарды.






