Мұнайшы ардагерлерге құрмет көрсетілді

15

0

Сыр өңірінің өндірістік шежіресінде айрықша орны бар «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның ардагерлері биыл да елдік пен еңбекті ұлықтаған өнегелі үрдісті жалғастырды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында олар мұнай саласында ұзақ жыл тер төккен әріптестеріне арнап тағылымы мол, тағзымы бөлек мерекелік жиын өткізіп, қара алтын өндірісіне ғұмырын арнаған жандарға құрмет көрсетті.

Жалпы, жер қойнауынан қара алтын өндіру – сырт көзге ғана салмақты көрінетін емес, шын мәнінде ыстығы мен суығы, бейнеті мен жауапкершілігі қатар жүретін ауыр сала. Мұндай кәсіпте ұзақ жыл табан аудармай еңбек ету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке пара-пар іс. Сондықтан мұнайдың әр тамшысында осы салада тер төккен мамандардың маңдай тері мен өлшеусіз еңбегі жатыр десек, артық емес.

Жиын барысында компанияның ардагерлер ұйымының төрайымы Қыдыркүл Жабағиева сөз алып, сала дамуына үлес қосқан ардагерлерге жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде ол мұнай саласының алғашқы жылдарындағы қиындықтарды еске алып, аға буынның ыстығы мен суығын бірге көтеріп, тар жол, тайғақ кешуден сүрінбей өткенін тебірене жеткізді. Сол буынның маңдай термен келген ерен еңбегі мен төзімі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегесін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, мұнай-газ өндіру департаментінің зейнеттегі инженерлері Баян Жанұзақова, Бахтыгүл Айтмамбетова, Айгүл Қуандықова да сөз сөйлеп, саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған әріптестеріне ыстық ықыластарын жеткізді. Олар мерейлі мерекеде құрмет төріне көтерілген сала ардагерлеріне жүрекжарды тілектерін арнап, әріптестік ізеттің, еңбек адамына деген құрметтің өнегелі үлгісін көрсетті.

Мерекелік жиында өмірін мұнай өндірісімен сабақтастырған ардагерлер де өткен күндерге ой жүгіртіп, жүрек түкпіріндегі естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек еткен тәжірибелі маман Айкүміс Рамбердиева өз еңбек жолын тебірене еске алды.

– Осы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» енді ғана құрылып жатқан кезеңде мен қаладағы банкте қызмет атқарып жүрген едім. Бір күні Мұрат Саламатов қолына қаптаған құжаттарын ұстап, несие алу мәселесімен банкке келді. Құжаттарын мұқият қарап, зерделеп, қажетті қаражатты рәсімдеуге атсалыстым. Арада бір-екі ай өткенде ол кісі қайта келіп, мені жұмысқа шақырды.

«Құжаттарды жақсы білесің, қалай рәсімделетінін меңгергенсің, бізге дәл сендей маман керек», – деді. Әрине, бірден шешім қабылдау оңай болған жоқ. Айлығы банктегіден екі есе жоғары болатынын айтқанда да, іштей толғандым. Үйде ақылдасқанда «Құмкөл деген айдала, құмның ортасы, қайда барасың?» деген күмән айтқандар да болды. Бірақ кейінгі бір кездесуде М.Саламатовтың өзі арнайы келіп, «сен кеніштің басына бармайсың, қалада отырып құжаттармен жұмыс істейсің» деп нақтылап айтты. Сол сөзден кейін бұл ұсынысты қабылдауға бел будым. Жұмысқа кіріскен алғашқы күндерден-ақ жауапкершілік жүгі ауыр болды. Мені жиі Алматыға іссапарға жіберетін – несие рәсімдеу, қаржы мәселелерін шешу үшін.

Одан бөлек, Мәскеуге де екі-үш рет барып келдім. Қыз бала болсам да, ештеңеден именіп, қорқу деген болған жоқ. Қайта сол жақтағы әріптестер қолдау көрсетіп, жол сілтеп отырды. Осылайша, жаңа басталған істің басы-қасында жүріп, компанияда 30 жылға жуық еңбек еттім. Бүгінде еңбек демалысындамын. Артыма қарасам, сол бір жауапты кезеңдер өмірімнің ең маңызды, ең мазмұнды жылдары болып қалыпты, – дейді ардагер.

Шынында да, бұл күн – маңдай тер мен адал еңбектің еленген, еңбек адамының абыройы асқақтаған күн болды. Өз өмірін қара алтын өндірісіне арнаған құрметті зейнеткерлер компания тарапынан көрсетілген сый-құрметке ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын жаудырды.

– Автокөлік басқармасында жұмыс істеп жүргенімде Мұрат ағамыз арнайы келіп, мені мұнай саласына шақырды. «Маған автокөлік саласын жүргізетін адам керек. Қанша жалақы алып жүрсең, соны көбейтіп беремін», – деді. Сол сөзден кейін тәуекелге бел буып, мұнай компаниясына бардым. Алғашында автоколоннаға жетекшілік еттім. Құмкөлге барған кезде бұрын-соңды көрмеген небір техниканы көрдік. Арнайы машиналар, мұнай бұрғылайтын қондырғылар, жаңа техникалар – бәрі біз үшін үлкен жаңалық болды. Соның бәрін меңгеріп, жұмысымызды жүйеледік. Кейіннен қызметім өсіп, техника қауіпсіздігі бөліміне басшылық жасадым. Мұнай саласына 1988 жылдың мамыр айында келіп, 2015 жылы 64 жасымда зейнетке шықтым. Осы жылдар ішінде адал еңбек етіп, ел құрметіне бөлендім. Соның бір белгісі ретінде «Қазақстанның құрметті ардагері» деген төсбелгі алдым, – дейді Ибрагим Жұмағұлов.

Жиынның мазмұнын арттыра түскен бір маңызды тұс – Сыр мұнайының тарихына шолу жасалуы болды. Өйткені бүгінгі өндірістік табыстың ар жағында тұтас бір дәуірдің жанкешті еңбегі жатыр.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1985 жылдың 6 маусымында КСРО Мұнай өндірісі министрлігінің «Қазақ КСР-індегі „Құмкөл“ кенішін іске қосу мен пайдалануға әзірлік шараларын ұйымдастыру» туралы бұйрығы шыққан. Аталған құжатта геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде сол кездегі Жезқазған облысы аумағындағы Арысқұм иінінен жаңа әрі болашағы зор кен орны табылғаны атап көрсетілген.

Қазақ Геология министрлігінің «ЮжКазгеология» бірлестігі жүргізген ауқымды ізденістердің нәтижесінде көпқатпарлы «Құмкөл» кеніші ашылып, өңірдің өндірістік келбетін түбегейлі өзгерткен жаңа кезең басталды.

Сол тарихи шешімдер негізінде «Маңғышлақмұнай» бірлестігіне 1987 жылдың 4-тоқсанында кеніште мұнай өндіруді қамтамасыз ететін кешенді шараларды атқару міндеті жүктелді. Ал 1986 жылдың бірінші шілдесінен бастап аталған бірлестіктің құрамындағы дирекцияны Қызылорда қаласында құру тапсырылды.

Одан кейін 1986 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің төрағалығымен өткен арнайы жиында «Құмкөл» кенішін игеруге дайындық мәселесі қаралды. Бұл басқосуда сол кездегі облыс, қала басшылары, «Маңғышлақмұнайдың» бас директоры А.Дергачев, Қазақ КСР Энергетика министрінің орынбасары Б.Нұржанов, сондай-ақ «Маңғышлақмұнай» бас директорының орынбасары Мұрат Саламатов сынды азаматтар қатысып, аймақ мұнайының болашағына жол ашатын тарихи қадамдар жасалды.

Сөйтіп, Қызылорда мұнайының шежіресі осылай басталды. Ал оның алғашқы күнінен бастап барлық ауыртпалықты бірге көтеріп, ыстығы мен суығын бірге кешкен тұлғалардың бірі – Мұрат Саламатов еді.

1990 жылдың 9 мамырында жомарт жер «Құмкөл» алғашқы мұнайын берді. Бұл – Сыр өңірі үшін ғана емес, тұтас ел экономикасы үшін үлкен жаңалық болған тарихи күн еді.

Осы кезеңде Мұрат Саламатов Маңғыстаумен, Алматымен, Мәскеумен тығыз байланыс орнатып, министрліктер арқылы қажетті құрал-жабдықтарды алдыруға бар күш-жігерін жұмсады. Сол қажырлы еңбектің нәтижесінде Жезқазғаннан 229 шақырым электр желісі тартылып, Қызылордадан 200 шақырым тас жол төселді, сондай-ақ 214 шақырымдық «Құмкөл – Қарақайың» мұнай айдау құбыры салынды. Осындай ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстардың артында ерен еңбек, табандылық пен ұйымдастырушылық қабілет тұрды.

Ал 1991 жылдың жазында Қызылорда мұнайшылары 1 миллион тонна мұнай өндіріп, үлкен белеске қол жеткізді. Сол жылы КСРО Мұнай-газ министрі Л. Филимоновтың арнайы келуі де Құмкөлдің ел өндірісіндегі стратегиялық маңызын айқын аңғартты.

Осы тарихи табыстардың негізінде кейін «Сырдариямұнайбарлау» экспедициясы, «Құмкөл» экспедициясы құрылып, жергілікті мамандар «Ащысай», «Оңтүстік Ақшабұлақ», «Блиновский» секілді жаңа кеніштердің көзін ашты. Сөйтіп, кезінде құлазыған қу дала өндіріс ырғағымен түлеп, мұнай мұнаралары бой көтеріп, әлеуметтік нысандар салынып, өңірдің тыныс-тіршілігіне серпін берілді.

Мұның барлығы – Сыр мұнайының тарихын жазған арда азаматтардың маңдай терімен келген жетістік. Бүгінгі ұрпақ сол буынның еңбегін құрметтеп, өнегесін ұлықтағанда ғана өндірістегі сабақтастық үзілмейді. Қара алтын өндірісінің қайнаған ортасында шыңдалып, тұтас бір дәуірдің жүгін көтерген ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Өйткені олар – Сыр мұнайының тарихын жасаған, ел еңсесін тіктеген еңбек адамдары.

Бағлан АЙҒАЛИҰЛЫ